Қызықты география әлемі – білім мен бәсекенің алаңы

Қазіргі білім беру жүйесінде оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта ұйымдастырылған «Қызықты география әлемі» атты танымдық сайыс оқушылардың географиялық білімдерін тереңдетіп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін, жылдам ойлау дағдысын және топпен жұмыс жасау мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды іс-шара болып табылады.

Сайыстың басты мақсаты – оқушылардың география пәні бойынша алған білімдерін ортаға салып, өзара жарыс арқылы білім деңгейін анықтау және пәнге деген ынтасын арттыру. Сонымен қатар, сайыс барысында ұйымшылдыққа, достыққа, бір-біріне қолдау көрсетуге тәрбиелеу көзделеді.

Іс-шара бес кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең – «Таныстыру». Бұл бөлімде әр топ өз атауын, ұранын және төсбелгісін таныстырып, шығармашылық қабілеттерін көрсетеді. Екінші кезең – «Блиц турнир». Мұнда оқушылар дүниежүзі географиясы бойынша қойылған сұрақтарға жылдам әрі нақты жауап береді. Мысалы, дүниежүзіндегі ең үлкен шөл – Сахара, ең терең көл – Байкал, ал «Күншығыс елі» деп Жапония аталады.

Үшінші кезең – «Логикалық ойын». Бұл бөлімде оқушылар географиялық сипаттама бойынша нысанды анықтайды. Мәселен, Еуразия мен Африка аралығында орналасқан, тұздылығы жоғары теңіз – Қызыл теңіз. Ал ежелгі мүжілген тау жоталары мен қыраттарымен ерекшеленетін өлке – Сарыарқа.

Төртінші кезең – «Бұл қай ел?». Бұл бөлімде қатысушылар елдердің суреттері немесе сипаттамалары арқылы мемлекетті анықтайды. Соңғы кезең – «Капитандар сайысы». Мұнда капитандар географиялық нысандардың түрін ажыратып, білімдерін дәлелдейді. Мысалы, Гималай – тау жүйесі, Африка – материк.

Осындай сайыстар оқушылардың тек теориялық білімін ғана емес, олардың жылдам шешім қабылдау, өз ойын еркін жеткізу, көшбасшылық қасиеттерін де дамытады. Сонымен қатар, білімге деген құштарлықты арттырып, бәсекелестік ортада өзін көрсете білуге үйретеді.

Қорытындылай келе, «Қызықты география әлемі» – оқушыларды жан-жақты дамытуға бағытталған мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор шара. Білімді ұрпақ – ел болашағы. Сондықтан осындай танымдық сайыстар арқылы біз білімді, белсенді, ізденімпаз жас ұрпақты қалыптастырамыз.

Бибигүл ДЖУМАДУЛЛАЕВА,

10 «Қайнар» мектеп-гимназия коммуналдық мемлекеттік мекемесінің  география пәнінің мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *