Барлық ұстаздар мен ата-аналар балаларының болашағынан үлкен үміт күтеді. Бүгінгі күннің талабы да сол -білімді ұрпақ қалыптастыру. Білім ынтамен, ықыласпен, қызығушылықпен қабылданса, баланың дамуына зор ықпалы болады. Мойындау қажет, кейінгі жылдары оқушылардың оқуға деген ынтасы біршама төмендеді. Мұның себептері- оқушылардың назарын алатын ақпараттар, әлеуметтік желілер, түрлі ойындар екені айқын. Соның салдарынан қазіргі білім беру саласында үлкен түйткілді мәселе тұр. Ол – оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыру.

Сабақты креативті тәсілдер арқылы қызықты ету – оқушыларды өз бетінше оқуға ынталандырудың тиімді жолы. Қазіргі заманның цифрлық дәуірінде оқушыларды оқуға деген қызығушылығын ояту – мұғалім мен ата-аналар үшін едәуір ойландыратын жағдайға айналды. Әлеуметтік желілер мен түрлі ойындар оқушыларды кітап оқудан алыстатып жатады. Дегенмен, әр сабақты креативті тәсілдер арқылы қызықты ету – балаларды кітап оқуға ынталандырудың тиімді жолы. Оқушылар кітап оқу арқылы ой-өрістерін кеңейтіп, әлемді тануға, ойлау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады. Қызық оқиғамен сабақты бастау Оқушылардың назары жылдам ауысатын болғандықтан, сабақты ерекше оқиғамен немесе қызықты фактілермен бастаған дұрыс. Мысалы, талқылайтын сабақтың негізгі сюжеті немесе автордың өмірінен ерекше оқиғалар айтып беру сабақты тартымды етеді. Айталық әдебиет немесе тарих пәндерінде тақырыптағы кейіпкерлерінің рөлдерін сомдау – оқушыларды шығарманың мазмұнын түсініп, оны тереңірек зерттеуге қызықтырады. Әр оқушыға белгілі бір кейіпкердің рөлін беріп, оларды сол кейіпкердің атынан сөйлеуге шақырыңыз. Бұл әдіс оқушыларды шығарманың кейіпкерлерін сезініп, олардың эмоцияларын түсінуге мүмкіндік береді. Мысалы: Оқушыларды топтарға бөліп, әр топқа кейіпкердің рөлін беру. «Сот процесі» тәсілі: бір кейіпкерді қорғайтын және айыптайтын топтар ұйымдастыру. «Кейіпкерге хат жазу» әдісі арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту. Сыныптан тыс кітап клубтары Кітап оқуды тек сабақпен шектемей, сыныптан тыс қызықты іс-шаралар арқылы жалғастыруға болады. Мектепте немесе сыныпта шағын кітап клубтарын құру оқушыларды бірге кітап талқылауға ынталандырады. Оқушылар бірге кітап таңдап, оны оқып, әсерлерін талқылап, талдау жасай алады. Апта сайын немесе ай сайын кітап клубы кездесуін жиі ұйымдастыру. Оқушылардың ұсыныстарымен кітаптар таңдау және соларды талқылау. Кітапқа арналған қызықты сұрақтар мен талқылау тақырыптарын дайындау. Смарт технологияларды пайдалану да балалардың білімге деген құлшынысын арттыруға үлкен мүмкіндік. Өйткені цифрлық құралдарды пайдалану оқушыларға қызықты әрі қолайлы. Түрлі мобильді қосымшаларды, аудиокітаптарды, электронды кітап платформаларын, тіпті ойындар мен викториналарды қолдану арқылы кітап оқу процесін жандандыруға болады. Оқушылар өз пікірлерін онлайн түрде бөлісіп, талқылап отыра алады. Мысалы: Сынып чатында немесе онлайн платформаларда пікір алмасу. Кітаптар бойынша түрлі викториналар, тесттер құру. Оқушыларға аудиокітаптар арқылы шығармаларды тыңдау мүмкіндігін ұсыну. Оқушыларға коллаж, иллюстрация жасау тапсырмаларын беру. Кітаптың басты эпизодтары бойынша сурет салу немесе көрме ұйымдастыру.
Оқушылардың өз көзқарасын білу Оқушыларға шығарманы өз көзқарасымен түсінуге мүмкіндік беру – олардың кітапқа деген қызығушылығын арттырудың тиімді тәсілдерінің бірі. Әдеби шығармаларға өз бағасын беріп, олардың маңыздылығы мен әсерін өз сөздерімен жеткізу арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен сыни ойлау дағдылары дамиды.
Бұл жоғарыда айтылғандар білім беру ұясы тарапынан қарастырылатын тығырықтан шығу жолдары. Ал, оқушы үйде үйге берілген тапсырмаларды орындауда да ықыласты болмай жататыны жасырын емес. Көп ата-ана баласының білімді, тәрбиелі болғанын қалағанымен, өзі жауапкершілікті алуға құлықсыз болады. Әрбір ата-ана күнделікті баласының сабағын қадағалай ма? Бір сыныпта 20 оқушы болса соның көп дегенде жартысының ғана ата-анасы баласының сабаққа деген ынтасынан хабардар. Ата-ана баласының білім алуға деген үлгерімінің деңгейін мұғалімінен сұрап, сол бойынша үйде де қадағалап отырса оң нәтиже болады деп ойлаймын. Сол үшін ата-аналардан бауыр етіңіз-балаңыздың болашағына немқұрайды қарамай мектеп ұжымымен тығыз байланыста болып, ата-аналар жиналысынан қалмай келіп тұруға шақырған болар едім. Сіз бен біз тәрбиелеп, оқытқан оқушы келешекте жетістікке жетіп жатса нұр үстіне нұр болатыны анық.
Жамол САИДОВ,
№22 Қ.А.Ясауи атындағы мектеп директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары.
