КӨРКЕМ ЕҢБЕК ПӘНІ – ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПЕН ШЕБЕРЛІКТІҢ БАСТАУЫ

Қазіргі білім беру жүйесінде оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту, еңбекке баулу және ұлттық құндылықтарды дәріптеу маңызды орын алады. Б. Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназия коммуналдық мемлекеттік мекемесі оқушыларға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндік жасайды. Мұнда білікті де тәжірибелі ұстаздар еңбек етеді. Олар әр оқушының қабілетін ашуға, арманына жетуіне бағыт-бағдар береді. Осы тұрғыда көркем еңбек пәні – баланың қиялын ұштап, қол еңбегі арқылы ойлау қабілетін дамытатын ерекше пәндердің бірі болып табылады.

Көркем еңбек сабағында оқушылар түрлі материалдармен жұмыс істеуді, өз идеяларын жүзеге асыруды және эстетикалық талғамын қалыптастыруды үйренеді. Бұл пән баланың тек қол икемділігін дамытып қана қоймай, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, жауапкершілікке тәрбиелейді. Сонымен қатар, оқушылар ұлттық қолөнер түрлерімен танысып, халқымыздың мәдени мұрасына деген құрметі арта түседі.

Көркем еңбек пәні оқушылардың болашақ мамандық таңдауына да оң әсер етеді. Дизайнер, суретші, сәулетші, қолөнер шебері сынды мамандықтарға қызығушылық осы пән арқылы қалыптасады.

Мектеп оқушылары аудандық, республикалық сурет байқауларында өздерінің шығармашылық ізденісі мен шеберлігін дәлелдеп, үздік нәтиже көрсетуде. Әрбір байқауға ұсынылған жұмыстар мазмұн тереңдігімен, көркемдік шешімімен және ұлттық құндылықтарды бейнелеуімен ерекшеленеді.

Бұл жетістіктер оқушылардың тынымсыз еңбегі мен көркем еңбек пәні мұғалімінің кәсіби шеберлігінің айқын көрінісі. Сабақ барысында оқушылар сурет салу техникасын меңгеріп қана қоймай, қиялын еркін жеткізуге, өз ойын бейнелеу тілі арқылы көрсетуге дағдыланады.

Көркем еңбек пәні – шығармашылық пен шеберліктің бастауы ғана емес, жан-жақты дамыған, еңбекқор әрі эстетикалық талғамы жоғары тұлға тәрбиелеудің маңызды құралы. Сондықтан бұл пәннің білім беру жүйесіндегі орны ерекше әрі мәні зор.

Улданай Алибековна Сапарбаева

Көркем еңбек пәні мұғалімі

Б. Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназия КММ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *