Алғашында елімізде жекеменшік мектептер ашылады дегенді естігенде қалың жұрттың қабылдауы қиын болды. Дегенмен, бүгінгі күні ондай оқу орындарының артықшылығы мен ерекшеліктеріне көзі жеткен ата-аналар арасында балаларының болашағы үшін өз таңдауын жасап, ұтымды шешім қабылдағандар қатары күн санап артып келеді.

Негізінде жекеменшік мектептердің ашылуына түрткі болған-үш аусымда оқитын мектептердің мәселесін шешу болатын. Елімізге белгілі кәсіпкер Серік Оңалбайұлы мемлекеттік бағдарлама аясында 2022 жылы алғашқылардың бірі болып Жетісай ауданында «Сырдария» мектеп-лицейін ашып, негізгі пәндерді тереңдетіп оқытуды қолға алды. Әу баста заман талабына сай жабдықталған мектеп-лицейдің небәрі 27 оқушысы болса бүгінде 160 бала мемлекеттік бағдарламаға сай толыққанды білім алып келеді.

Сонымен, Мырзашөлдің төсінде бастауыш мектептердің көшін бастап келе жатқан «Сырдария» өзге мектептерден несімен ерекшеленеді? Қандай пәндерге басымдық беріледі? Жұмысын бастағанына 4 жылға аяқ басқан лицейдің жеткен жетістіктері бар ма? Әрине, барлық ата-аналардың алғашқы қоятын сауалдары осындай болары анық.
Мектеп-лицейдің директоры Күлайна Исаеваның айтуынша білім ұясының аз ғана уақыт ішінде жеткен жетістіктері мен артықшылықтары көп.

-Жетісай қаласында орналасқан «Сырдария» мектеп-лицейі өз жұмысын бастағалы бері ата-аналардан тек алғыс алмасақ, әлі күнге сын-ескертпе естіп көргеніміз жоқ. Оқушы таңнан кешке дейін мектептің бақылауында. Мектепке келіп-кетуін өзіміз тегін тасмалдау арқылы қамтимыз. Ол үшін 3 көлігіміз бар. Қазіргі таңда Жетісай қаласымен қоса қалаға жақын маңайда орналасқан барлық ауылдық округінен оқушыларды өзіміз үйінен алып кетіп, кешке қайта үйлеріне жеткіземіз. Мектебімізде қауіпсіздік мәселесі жіті қарастырылған. Тоғыз бақылау камерасы облыстық ішкі істер басқармасына қосылған. Тиісті мамандар облыста отырып мектебімізде оқушылар көп шоғырланатын жерді бақылап отырады. Одан бөлек тағы 32 бақылау камерасы жұмыс істер тұр.

Бізде сабақ таңғы сағат 9-30-да басталып, түскі сағат 2-30-да аяқталады. Білім және ғылым министрінің бекіткен бұйрығына сәйкес пәндерді өтеміз. «Сырдария» мектеп-лицей болғандықтан Жаратылыстану пәні бізде тереңдетіліп оқытылады. Әр сыныптың өзіне бекітілген ғылыми тақырыптары бар. Осы ғылыми тақырыптар бойынша аптасына екі рет сынып жетекшісімен жұмыс жасайды. Ғылыми жұмыстың қорытындысы бойынша мамыр айында өтетін ғылыми жобаларға қатысады. Айталық, былтыр ғана өткен ғылыми жобаға Қазына Бегалы деген оқушымыз қатысып «Табиғатта қоқыстардың пайдалы жақтары» деген тақырыпты қорғап, ІІІ- орын иеленді. Ал, осы оқу жылында жасанды интелект бойынша 4 сынып оқушысы Еркеназ Мұрат аудандық ғылыми жобаға қатысып жүлделі ІІІ -орын берілді.
Тағы бір мектебіміздің негізгі бағыты-менталды арифметиканы 1-2 сынып оқушыларына тереңдетіп оқытатын үйірме де жұмыс жасайды. Үшінші-төртінші сынып оқушыларына «Логикалық есептер олимпиадасы» деген үйірме қарастырылып, өте қызу түрде жұмысын жүргізуде. Менталды арифметика жылдам ойланып, шешім қабылдауды үйрететіндіктен конкурс арқылы кіл мықты мұғалімдерді жұмысқа қабылдап, нәтижесінде Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы қалаларында өткен Халықаралық олимпиадаларға қатыстық. Былтыр Ташкент қаласында өткен олимпиадада боучер ұтып, екі оқушымыз Түркияның Стамбул қаласында өткен олимпиадада І орын алды. Биыл Дидар Серікбай деген оқушымыз Дубайға барып Супер чемпион болды. Осы тұста оқушыларымыздың қарым –қабілетін шыңдап, бар ықыласымен оқытып, дайындап жүрген ұстаздарымызға ризашылығымды білдіргім келеді. Жетіліп келе жатқан балалар сайысқа, жарысқа қатысқан сайын, тек аудан көлемінде ғана емес облысқа, үлкен қалаларға, халықаралық байқауға барып шетелге шығып тұрса бала алдына нақты мақсат пен жоспар қойып, соған бейімделіп, жеңіске жетуге нық қадам жасайды.
Ташкентке барып келген оқушыларымыз «Бізге ана тілімізден бөлек ағылшын, орыс тілдерін де білу керек екен» деген ойларын айтып, тіл үйрететін үйірмелеріне қатыса бастады. Осыдан соң біз де ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға жағдай жасап келеміз. Мектебімізде ағылшын тілін оқыту 3-4 сыныптан басталады. Алайда, біз лицейлік компанентке ағылшын тілін 1 сағаттан қойдық. Оқушылар ағылшын алфавитімен ертерек танысып, үйренсін деген мақсатта.
Сондай-ақ, халықаралықтан бөлек республикалық «Бастау», «Алтын сақа» секілді олимпиадаларға әр жылы қатысып, оқушыларымыз ІІ, ІІІ орын иеленіп келеді. Былтыр Омар деген оқушымыз «Алтын сақадан» І орын алып, Түркістан қаласында өткен олимпиадада ІІІ орынға шықты.
Лицейдің жұмысын одан әрі жетілдіру мақсатында құрылтайшымыз Серік Оңалбайұлы бұған дейін 1 мен 4 сынып оқушыларын оқытсақ, енді 1 сыныптан 9 сыныпқа дейін оқытуға мүмкіндік қарастырды. Бүгінгі таңда лицензия алдық. Ендігі жерде «Сырдария» мектеп-лицейі бірінші сыныптан тоғызыншы сыныпқа дейінгі негізгі білім беру орталығы болып қалыптасады. Сондай-ақ, биология, химия, физика, информатика зертханаларын заманауи етіп жабдықтадық. Қазіргі таңда өте жақсы форматтағы 10 ледэкран жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар 420 кв/м спорт залы ашылды. Ұл балаларға бөлек, қыз балаларға бөлек көркем еңбек пәнінен шеберхана бар. Медициналық кабинетке арнайы лицензия алдық. 320 орындық асхана бар. Онда екі мезгіл тамақ беріледі. Түскі аста бірінші, екінші аспен қоса салат, шәйімен дайындалады. Одан кейін бесін ас беріледі. Ас мәзірін Денсаулық сақтау министрі бекіткен арнайы тапсырысқа сай жас ерекшелігіне сай жасалады.
Аз қамтамасыз етілген, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына мектеп тарапынан демеушілік етіп, жағдай жасап келеміз. Айталық, мектеп формасына, үйірмелерге қатысуға көмек беріп отырамыз. Жалпы, мектептің қуаттылығы 330 орындық. Сондай-ақ, жайлы мектептегідей әр оқушымызға арналған жеке шкафтары бар.
Тағы айта кететіні, 5-9 сынып оқушыларына бір шебер мұғалім, 6 зерттеуші, 3 сарапшы мұғалім, модераторлар сабақ беріп бастады. Қазіргі таңда 5 пен 6 сынып оқушыларын оқытудамыз. Алдағы уақытта жаратылыстану пәнін керемет тереңдетіп оқытатын оқу орны болып қалыптасатынына кәміл сенеміз. Ұжымымызда білікті де білімді ұстаздарымыз жеткілікті. Өткен оқу жылы «Қазақстан» кинотеатрының Акт залында жас мұғалімдер арасында арнайы сайыс өтіп, білімі мен өнерін шыңдады. Биыл қаңтар айының соңына оқушы мен мұғалімдер арасында «Екі жұлдыз» байқауын ұйымдастырып жатырмыз. Өте керемет іс-шара болады деп ойлаймыз. Бізде жас мамандар қатары көп. Олардың тәжірибесі ауыз толтырып айтарлықтай болмағанымен барлық сынақтан өтуге дайын мамандар екенін дәлелдеп келеді. Авторлық бағдарлама жазып жүрген мұғалімдеріміз де бар. Сайып келгенде, «Сырдария» мектеп- лицейінің ұстаздары мемлекеттік мектеп мұғалімдерінің деңгейімен салыстырғанда артық болмаса кем емес деп толық айта аламын.
Ал енді үйірмелерге келсек, бізде менталды арифметика, логикалық есептер олимпиадасы, хореография, домбыра, шешендік өнер үйірмесі, бірінші сынып оқушыларын педагогикалық мектепке психологиялық дайындау мақсатында психологтарымыз арттерапия үйірмесін өтеді, сондай-ақ, шахмат, шашка, тоғыз құмалақ ойындары үйірмелер жұмыс істеп тұр. Наурыз айынан бастап робот-техника жұмыстары үйірмесін қосамыз деп нақты шешеп отырмыз. Домбыра үйірмесінде атақты күйші-сазгер Бөрі Иса ағамыз үйретеді. Домбырадан да аудандық шығармашылық орталықтардың ұйымдастыруымен өтіп жатқан сайыстарға қатысып өз өнерін көрсетіп үлгерген шәкірттеріміз бар. Атап айтсақ, Баймұханбет Найманбай, Айша Рашбектер жүлделі орындар алды. Былтыр Көркем Мелісқызы деген қызымыз Түлкібас ауданында тоғыз құмалақтан өткен облыстық жарыста ІІІ- орын алып келді.
Біздің лицейдің оқушылары менталды арифметика бойынша шетелге танылып келеді. Логикалық есеп бойынша да облысты мойындаттық. Алдағы уақытта республикаға да баратын жоспарымыз бар.
Ендігі жерде тоғыз сыныптық мектеп-лицейіміздің алға қойған жоспар-мақсаттары өте көп әрі айқын. Баламызды «Сырдария» мектеп-лицейінде оқытамыз дейтін ата-аналар болса құшақ жая қарсы аламыз және заман талабына сай білім беруге дайынбыз,-деді «Сырдария» мектеп-лицейінің директоры Күлайна ханым.
Э.ӨСЕРБЕКОВА.
