Арыңды сақта, бойжеткен!

Ұлттың келешегін қыз баламен байланыстырған ел емеспіз бе, қандай дәуір, қандай жаңғыру мен жаңару болса да нәзік жандыларымыздың ар-ұятына немқұрайды қарау ұлт құндылығына жасалған қиянат болар еді. Аруларымыз етек-жеңін бекем болмай, көрінген көк аттының жетегіне ілесіп кетпеу үшін тек ата-ананың ғана емес қоғамдық бақылау да қажет.

Жуырда 7 мүшел жасты еңсерген, көпке үлгі болып жүрген қоғам  белсендісі, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы, бірнеше кітаптың авторы, «Қоғам құндылығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айжамал Ермаханқызы Қоңырбаеваның ұйымдастыруымен Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық техникалық колледжінде «Арыңды сақта, бойжеткен!» тақырыбында студент жастармен кездесу өтті.

Кездесуге қазақ қызының тағдырына бейжай қарай алмайтын жанашыр қонақтар көп келді. Атап айтсақ, ардагер-журналист, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Жетісай ауданының Құрметті азаматы, Қайраткер журналист Жаппар Ғаппар, дәрігер-гинеколог Назипа Алиева, Жетісай аудандық АХАТ бөлімінің жетекші маманы Ғалия Айтжанова, Жетісай АПБ ОТЗЗҚТ-ның аға инспекторы, полиция майоры Нұрсұлу Мейрханова және аудандық әжелер алқасының мүшелері қатысты.

Алдымен жиында Айжамал Ермаханқызы сөз бастап, қыз баланың  тәрбиесі мен  ар-ұяты қашанда қазақ ұлты үшін өзектілігі алдыңғы орында тұратынын айтты. Келесі кезекте АХАТ бөлімінің жетекші маманы Ғ.Айтжанова отбасылық құндылықтардың жылдан жылға қадірі қашып бара жатқанын айта келе,  2025 жылы 788 жас отбасы заңды түрде некелескенімен, 34 жан некелі жарымен ажырасуға бел буған. Әрине, бұл шаңырақтың шайқалуына түрлі жағдайлар себеп болып жататыны белгілі. Десе де, толыққанды жанұя барлық сәбилер үшін баға жетпес байлық болса керек-ті.

Ал, қаракөзді бойжеткендеріміздің келешегіне алаңдайтын жандардың бірі гениколог-дәрігер Нәзипа Алиева жастар заңды некеге тұрмай тұрып жыныстық қатынас арқылы берілетін кез келген жұқпалы дерттің алдын алу үшін, ұрпақ сабақтастығына немқұрайды қарамай дені сау баланы дүниеге келтіру мақсатында міндетті түрде дәрігер-мамандарға тексерілгені абзал дейді. 

Жастармен кездесу барысында аруларымыздың болашағымен қоса тұрмыстық зорлық зомбылықтың алдын алу, кәмелет жасқа толмағандар арасында қылмыстық жағдайдың орын алуы мәселесі де ойтүрткі болды. Полиция майоры Нұрсұлу Мейрханова отбасының берекесін қашырып, әлімжеттікпен баласына немесе некелі жарына күш көрсетіп, қол жұмсау фактілеріне куә  болған жағдайда қоғамды жанашырлық пен адамгершілікке шақырып, тиісті мекемелерге хабар беру керектігін түсіндірді.

Жиында түйінді сөз айтқан  ардагер-журналист Жаппар Ғаппар жастар арасындағы түйткіл мәселелерді мысал келтіре жеткізіп, қазақ үшін қыздың ары мен жігіттің намысы алдыңғы орынға шықпай ертеңіміз бұлыңғыр болатыны сөзсіз деді.

Мамандардан ақыл-кеңес алған колледж студенттері қонақтарға көкейіндегі сұрақтарын жолдап, алғыс білдірді.

Э.ИНЯТҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *