«Қ.Дәрімбаев атындағы №41 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Білім беру үдерісінде жасанды интеллектінің мүмкіндіктері» тақырыбында өткен аудандық семинар аясында химия пәнінің мұғалімі Князева Айсапар 7 «Ә» сынып оқушыларымен «Периодтық кестенің құрылымы» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Сабақ барысында сұрақ-жауап, топтық, жұптық және жеке жұмыстар ұйымдастырылып, цифрлық құралдар арқылы белсенді оқыту әдістері тиімді қолданылды. Оқушылар берілген тапсырмаларды жоғары қызығушылықпен орындап, периодтар мен топтарды ажырату, химиялық элементтердің орнын анықтау бағытында өз білімдерін көрсетті.
Оқу үдерісі белгіленген мақсаттарға толық сәйкес жүргізіліп, жоспарланған нәтижелерге қол жеткізілді. Оқушылардың белсенділігі жоғары деңгейде байқалып, алынған кері байланыс тақырыптың сапалы меңгерілгенін айқындады. Ашық сабақ әдістемелік талаптарға сай, мазмұнды әрі тиімді ұйымдастырылды.
Сабақта заманауи цифрлық және жасанды интеллект құралдары кеңінен пайдаланылды: Gamma – презентациялар мен көрнекі материалдар дайындауда; Diffit – деңгейлік тапсырмалар мен мәтіндер құрастыруда; Kling AI – анимациялық көрнекіліктер ұсынуда; Mentimeter – оқушылардың білімін бағалау және кері байланыс ұйымдастыруда қолданылды.
Сабаққа қатысқан әріптестер ашық сабақтың мазмұны мен ұйымдастырылуын жоғары бағалап, «өте жақсы» деген пікір білдірді.
Айсапар КНЯЗЕВА,
«Қ. Дәрімбаев атындағы №41 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің химия пәні мұғалімі.
