Сәуір айының «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік» құндылығына сай өткізілген сабақтардың бірі – 8 «Ә» сыныбында «Ашықтұқымды және жабықтұқымды өсімдіктердің тіршілік циклі» тақырыбы болды. Бұл сабақта оқушылар өсімдіктер әлемінің маңызды бөлігін құрайтын екі ірі топтың тіршілік ерекшеліктерімен танысты.
Сабақтың негізгі мақсаты – ашықтұқымды және жабықтұқымды өсімдіктердің тіршілік цикліндегі айырмашылықтары мен ұқсастықтарын түсіндіру, олардың көбею жолдарын ғылыми тұрғыдан меңгерту. Оқушылар теориялық біліммен қатар, тіршілік циклінің кезеңдерін талдап, салыстыра отырып, өз ойларын еркін жеткізе білді.

Ашықтұқымды өсімдіктер – тұқымы ашық орналасатын, көбіне қылқанжапырақты ағаштар мен бұталар. Олардың көбеюі бүрлер арқылы жүзеге асады. Ал жабықтұқымды өсімдіктер – гүлді өсімдіктер, олардың тұқымы жемістің ішінде дамиды. Бұл өсімдіктердің тіршілік циклі күрделірек әрі жетілген болып келеді.
Сабақ барысында оқушылар өсімдіктердің даму кезеңдерін – тұқымнан бастап өсу, гүлдену және қайтадан тұқым түзу сатыларын жүйелі түрде қарастырды. Тапсырмалар арқылы оқушылардың сыни ойлау, салыстыру, талдау дағдылары қалыптасты.
Апта дәйексөзі «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырылмас азап» аясында оқушыларға еңбектің маңыздылығы түсіндірілді. Табиғаттағы әрбір тіршілік иесі үздіксіз еңбек арқылы дамитыны, өсімдіктердің де тіршілік циклі – тынымсыз үдеріс екені мысалдармен көрсетілді. Бұл оқушыларды еңбекқорлыққа, жауапкершілікке баулиды.
Педагог Еденова Бибайша сабақта заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолданып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыра білді. Сабақ барысында оқушылар белсенді қатысып, өз білімдерін көрсете алды.
Қорытындылай келе, бұл сабақ оқушылардың биология пәніне деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, табиғатқа деген құрметін күшейтіп, еңбекқорлық пен ізденімпаздық қасиеттерін дамытуға ықпал етті.
Еденова Бибайша
№77 ЖББМ КММ биология пәнінің мұғалімі.
