Қазіргі қоғамда мектептің негізгі міндеттерінің бірі – сапалы біліммен қатар саналы, тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру. Осы бағытта тәрбие жұмысы мектеп өмірінің ажырамас бөлігі ретінде жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Тәрбие жұмысының мазмұны оқушылардың тұлғалық дамуын қамтамасыз етуге, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамда өзін дұрыс ұстай білуіне бағытталған.

Мектептің тәрбие жұмысы жоспарына сәйкес ұлдар және қыздар кеңесінің жұмысы тұрақты ұйымдастырылып келеді. Бұл кеңестің негізгі мақсаты – оқушылардың бойында әдептілік, жауапкершілік, өзара сыйластық сияқты қасиеттерді қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және мектепішілік тәртіпті нығайту.
Оқушылар арасында тәрбие бағытындағы жұмыстар түрлі формада жүзеге асырылады. Сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер, тәрбиелік іс-шаралар арқылы оқушылардың мәдениетті қарым-қатынас жасауына, бір-бірін құрметтеуіне көңіл бөлінеді. Мұндай жұмыстар ұжым ішінде жағымды орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Қыз балалармен жүргізілетін жұмыстарда олардың жеке бас гигиенасы, өзін-өзі ұстауы, болашаққа деген жауапкершілігі басты назарда болады. Бұл бағытта мектеп медбикесі мен психологтың қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қыз баланың тәрбиесіне қатысты маңызды мәселелер қарастырылады.
Ал ұл балалар арасында тәртіп сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, ер азаматқа тән жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіледі. Кездесулер мен әңгімелер барысында оқушыларға өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарау қажеттігі түсіндіріледі.
Мектепішілік тәртіпті сақтау мақсатында бақылау жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Оқушылардың сабаққа қатысуы, сыртқы келбеті үнемі қадағаланып, тәртіп бұзушылықтың алдын алу шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мән беріліп, олардың спорттық және мәдени іс-шараларға қатысуына жағдай жасалады.
Мектепте қауіпсіз орта қалыптастыру мәселесі де маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Осыған байланысты терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу мақсатында жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Оқушыларға қоғамға қауіпті ағымдардың зардаптары, олардың алдын алу жолдары туралы ақпарат беріледі.
Бұл жұмыстарға мектеп инспекторы, әлеуметтік педагог және психолог бірлесіп қатысып, құқықтық және психологиялық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Оқушыларға интернет желісіндегі күмәнді ақпараттардан сақ болу, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары түсіндіріледі.
Ата-аналармен байланыс та бұл бағытта маңызды рөл атқарады. Жиналыстар барысында ата-аналарға баланың бос уақытын бақылау, интернет қауіпсіздігіне мән беру жөнінде ұсыныстар беріледі. Сонымен қатар мектепте ақпараттық бұрыштар ұйымдастырылып, көрнекі материалдар арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы алғанда, мектептегі тәрбие жұмысы жоспарлы түрде жүзеге асырылып, оқушылардың тәртібін нығайтуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етуде. Осындай жұмыстардың нәтижесінде оқушылардың жауапкершілігі артып, өз әрекетіне саналы түрде қарау дағдылары қалыптасуда.
Абай ТӘҢІРБЕРГЕНОВ,
Жетісай ауданы білім бөлімінің «Ә.Молдағұлова атындағы №34 жалпыбілім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.
