Қазіргі кезде технологияның дамуы адам өмірін мүлде өзгертіп жатыр. Бұрын адамдар тек кітаптан немесе теледидардан көретін дүниелер қазір күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Соның ішінде ең ерекше дамып жатқан салалардың бірі жасанды интеллект. Бұл технология адамның ойлауына ұқсас әрекеттерді орындай алады. Қазір оны телефоннан да, интернеттен де, тіпті көліктерден де кездестіруге болады.

Жасанды интеллект туралы көп адам естігенімен, оның нақты қалай жұмыс істейтінін бәрі бірдей біле бермейді. Қарапайым тілмен айтқанда, ол компьютерге ойлануды және үйренуді үйретеді. Мысалы, телефондағы дауыс көмекшісі адамның сөзін түсінеді, сұраққа жауап береді, керек ақпаратты тауып береді. Әлеуметтік желілер де адамның қызығушылығына қарай видео немесе жаңалық ұсынады. Мұның бәрі жасанды интеллекттің көмегімен жүзеге асады.
Информатика осы технологиялардың негізін қалайтын ғылым болып саналады. Егер информатика болмағанда, қазіргі компьютерлер мен бағдарламалар да болмас еді. Информатика адамға ақпаратпен жұмыс істеуді, компьютерді басқаруды және бағдарламалау тілдерін үйретеді. Бүгінде бұл білім кез келген мамандықта қажет болып келеді.
Қазіргі оқушылардың өзі информатиканың пайдасын күн сайын көріп жүр. Сабаққа керек мәліметті интернеттен іздейді, презентация жасайды, онлайн тапсырма орындайды. Әсіресе қашықтан оқу кезінде компьютер мен интернеттің маңызы өте жақсы байқалды. Егер ақпараттық технологиялар дамымағанда, оқу процесі де әлдеқайда қиын болар еді.
Жасанды интеллект медицина саласында да көп көмектесіп жатыр. Кейбір бағдарламалар ауруды ерте анықтап, дәрігерлерге нақты шешім қабылдауға көмектеседі. Қазір тіпті операция жасауға қатысатын роботтар бар. Бұл технологиялар адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жасанды интеллект күнделікті қарапайым істерде де қолданылады. Мысалы, карта қосымшалары жолдағы кептелісті көрсетеді, онлайн дүкендер адамның талғамына сай тауар ұсынады, аударма бағдарламалары басқа тілдегі мәтінді тез аударып береді. Мұндай мүмкіндіктер адамның уақытын үнемдеп, жұмысын жеңілдетеді.
Дегенмен, технологияның дамуы тек пайдалы емес, кейде қауіпті де болуы мүмкін. Қазір интернетте жалған ақпарат көп таралады. Кей адамдар жеке мәліметтердің қауіпсіздігіне алаңдайды. Сондықтан жаңа технологияларды дұрыс әрі жауапкершілікпен пайдалану маңызды.
Болашақта жасанды интеллект одан да қатты дамиды деген болжам бар. Мүмкін, бірнеше жылдан кейін қазір мүмкін емес болып көрінетін жаңалықтар пайда болатын шығар. Сол себепті информатика пәнін оқу қазіргі жастар үшін өте маңызды. Бұл пән тек компьютерді қолдануды ғана емес, заманға бейім болуды да үйретеді.
Қорыта айтқанда, жасанды интеллект пен информатика қазіргі қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Олар адамның өмірін жеңілдетіп, көптеген саланың дамуына әсер етіп жатыр. Сондықтан технологияны түсініп, оны дұрыс пайдалана білу әр адам үшін қажет деп ойлаймын.
Зарина КИЛИБАЕВА,
Жетісай ауданы білім бөлімінің «Ә.Молдағұлова атындағы №34 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің информатика пәнінің мұғалімі.
