1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Түркістан облысында балалардың қауіпсіздігі мен жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта Түркістан облысы білім басқармасы тарапынан балалардың жаз мезгіліндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың бос уақытын мазмұнды әрі пайдалы өткізуге бағытталған кешенді жұмыстар қолға алынған.
Жазғы демалыс – балалар үшін ең қызықты әрі есте қаларлық кезеңдердің бірі. Дегенмен дәл осы уақытта қауіпсіздік мәселесі басты назарда болуы қажет. Су айдындарындағы қауіпсіздік, жол-көлік ережелерін сақтау, интернет кеңістігіндегі қорғаныс, өрт қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау – жаз мезгіліндегі өзекті мәселелердің қатарында.
Осыған байланысты өңірдегі барлық білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, оқушылар мен ата-аналарға арналған қауіпсіздік сабақтары, профилактикалық кездесулер мен ақпараттық акциялар өткізілуде. Құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар департаменті, денсаулық сақтау ұйымдары және ата-аналар қауымдастығымен бірлескен іс-шаралар балалардың қауіпсіз ортада демалуына бағытталған.
Түркістан облысы білім басқармасының мәліметінше, биыл өңірде мыңдаған оқушыны қамтитын жазғы сауықтыру лагерьлері мен демалыс алаңдары ұйымдастырылады. Балалардың жазғы каникулын тиімді өткізу мақсатында спорттық жарыстар, шығармашылық үйірмелер, танымдық экскурсиялар мен мәдени-көпшілік іс-шаралар жоспарланған. Әсіресе әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды жазғы демалыспен қамтуға басымдық берілуде.
Мамандардың айтуынша, баланың қауіпсіздігі – тек мектептің немесе тиісті мекемелердің ғана емес, ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі. Сондықтан ата-аналарға балалардың қайда жүргеніне, кіммен араласатынына, интернеттегі белсенділігіне және күн тәртібіне ерекше назар аудару ұсынылады.
Балалардың қауіпсіз әрі алаңсыз демалысын ұйымдастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Себебі қауіпсіз ортада өскен бала ғана жарқын болашақтың кепілі бола алады.
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында қолға алынған мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға, олардың сапалы демалысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. «Қауіпсіз жаз – бақытты балалық шақ кепілі» қағидаты әр отбасы мен әр мекеменің басты ұстанымына айналуы тиіс.
Лаззат САЛИХОДЖАЕВА,
«Ю.Гагарин атындағы №3 жалпы білім беретін мектеп» КММ мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.
