Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Бүгінгі жаһандану заманында жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, тарихи санасын қалыптастыру, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру – ұстаздар қауымының басты міндеттерінің бірі. Бұл ретте тарих пәнінің орны ерекше. Өйткені тарих – халқымыздың өткен өмірінен сыр шертетін шежіре ғана емес, ұлттық рухты оятып, елдік сананы қалыптастыратын маңызды тәрбие құралы.
Ұлттық құндылықтар – халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, мәдениеті мен тарихи мұрасы. Осы асыл қазынаны өскелең ұрпақтың бойына дарыту – әрбір педагогтің азаматтық парызы.
Тарих сабағында оқушылар халқымыздың жүріп өткен жолымен, ел тәуелсіздігі үшін күрескен батырларымыздың ерлігімен, ұлт болашағына қызмет еткен тарихи тұлғалардың өнегелі өмірімен танысады. Бұл олардың бойында отансүйгіштік, елжандылық, жауапкершілік және ұлттық мақтаныш сезімдерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Мәселен, Қазақ хандығының құрылу тарихын оқыту барысында Керей мен Жәнібек хандардың ел бірлігі жолындағы еңбегін таныстыру арқылы оқушыларға мемлекеттіліктің қадірін ұғындыруға болады. Ал Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би туралы тақырыптарда әділдік, шешендік, бірлік пен татулық сияқты ұлттық құндылықтарға ерекше көңіл бөлінеді.
Сондай-ақ халқымыздың азаттығы жолында күрескен батырлар мен Алаш қайраткерлерінің өмірін үлгі ету жас ұрпақты елін сүюге, туған жерін құрметтеуге тәрбиелейді.
Бүгінгі таңда тарих пәнін оқытуда жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану маңызды. Сабақ барысында тарихи деректермен жұмыс жүргізу, пікірталас ұйымдастыру, шығармашылық тапсырмалар беру, тарихи тұлғалардың рөлін сомдау оқушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың өз ойын еркін жеткізуіне, тарихи оқиғаларға өзіндік көзқарасын қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Әсіресе өлкетану бағытындағы жұмыстардың тәрбиелік мәні зор. Оқушылар туған өлкесінің тарихын, жергілікті тарихи тұлғалардың өмірін, мәдени ескерткіштерін танып-білу арқылы өз жерінің құндылығын терең сезінеді. Туған жердің тарихын білу – Отан тарихын құрметтеудің алғашқы баспалдағы.
Қазіргі цифрлық технологиялар дамыған кезеңде тарих сабақтарында интерактивті карталарды, бейнематериалдарды, виртуалды мұражайларды пайдалану да білім алушылардың тарихи танымын кеңейтеді. Дегенмен қандай технология қолданылса да, тәрбиенің негізінде ұлттық құндылықтар тұруы тиіс.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу тек мерекелік іс-шаралармен шектелмеуі қажет. Ол әр сабақтың мазмұнынан, мұғалімнің өнегесінен, оқушының іс-әрекетінен көрініс табуы керек. Себебі білім мен тәрбие – бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым.
Ұстаз ретінде біздің басты мақсатымыз – оқушыларға тарихи білім берумен қатар, олардың бойында ұлттық рухты, адамгершілікті, адалдықты, елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Тарихын білген ұрпақ өткеннен тағылым алып, болашаққа сеніммен қадам басады.
Қорыта айтқанда, тарих сабақтарында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру – жас ұрпақты елін сүйетін, ұлттық болмысын құрметтейтін, саналы да білімді азамат етіп тәрбиелеудің маңызды жолы.
Тарихын құрметтеген ұрпақ – елінің ертеңіне жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ. Ал ұлттық құндылықтарын сақтаған елдің болашағы берік болмақ.
Айнакуль САМУРАТОВА,
М.Шоқай №26 ЖББМКММ Тарих пәнінің мұғалімі.
