Skip to content
Басты бет / Жаңалықтар / Кітап оқитын ұлт – рухани бай ұлт

Кітап оқитын ұлт – рухани бай ұлт

33 қаралым

Кітап – адамзаттың асыл қазынасы, білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Кітап оқу арқылы адам дүниетанымын кеңейтіп, сөздік қорын молайтады, ойлау қабілетін дамытады. Сондықтан кітап оқитын ұлт болу – қоғамның рухани дамуының маңызды көрсеткіші.

Қазіргі технология дамыған заманда жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру ерекше маңызға ие. Кітап оқу адамды ізденіске жетелеп, жақсы мен жаманды ажыратуға, өмірге саналы көзқараспен қарауға үйретеді. Әсіресе, жас ұрпақтың кітаппен дос болуы – болашаққа салынған инвестиция.

Кітап оқуға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Ата-ананың кітап оқуы, баласына ертегі айтып беруі, кітапханаға бірге баруы баланың бойында оқуға деген қызығушылықты қалыптастырады. Сонымен қатар мектептер мен кітапханаларда түрлі әдеби кештер, кітап көрмелері мен оқырмандар байқауын ұйымдастыру да игі нәтижесін береді.

Халқымыз «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деп бекер айтпаған. Ендеше, кітап оқуды күнделікті әдетке айналдырып, жас ұрпақты білімге баулу – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Кітап оқитын ұлттың ойы озық, рухы биік, болашағы жарқын болады!

Балауса ДІЛДАБЕК,

№37 Еңбек ЖББМ

кітапхана меңгерушісі.