Skip to content
Басты бет / Жаңалықтар / Орыс тілі – тәрбие мен тағылымның тілі

Орыс тілі – тәрбие мен тағылымның тілі

20 қаралым

Қазіргі таңда қоғамда «Қазақ мектебінде орыс тілі керек пе?» деген сұрақ жиі қойылады. Менің жауабым – керек, тіпті өте керек. Себебі орыс тілі – тек пән емес, өмірді танудың, мәдениетті сөйлеудің, уақытты бағалаудың құралы.

Жуырда 10-сыныпта «Имя числительное» тақырыбында ашық сабақ өттім. Көпшілікке бұл тақырып «бір, екі, үш» деген құрғақ сандар болып көрінуі мүмкін. Бірақ біз оны басқа қырынан ашып көрдік.Сабақты мен «Сағат неше? Қазір 1:35» деген қарапайым сұрақтан бастадым. Оқушылар орысша «час тридцать пять» немесе «без двадцати пяти два» деп жауап берді. Осы жерден үлкен тәрбие басталды. 1:35 деген не? Ол – сабақтың аяқталар уақыты, ол – достармен кездесетін сәт, ол – өтіп бара жатқан өмір.

Уақытты дұрыс айта білу – уақытты сыйлау.Орыс тіліндегі сан есім – өте жауапты сөз табы. Бір әріп қате кетсе, мағына мүлде өзгереді. Мысалы, «двух» пен «двум», «пяти» мен «пятым» деген сөздердің айырмашылығын бала түсінгенде, ол нақты сөйлеуді үйренеді. Нақты сөйлеген адам – жауапты адам.Сабақ барысында біз сан есімді өмірмен байланыстырдық. «Дені сау болу үшін не істеу керек?» дедік. Балалар өздері ереже шығарды: күніне екі литр су ішу керек, сегіз сағат ұйықтау керек, отыз минут таза ауада жүру керек, бір рет таңертең жаттығу жасау керек. Қараңыз, барлығы сан есіммен айтылып тұр. Тіл арқылы салауатты өмір салтын насихаттадық.

Екінші үлкен тәрбие – қонақжайлылық. Шымкент – туристік қалаға айналып келеді. Түркістанға бара жатқан әрбір турист Шымкент арқылы өтеді. Көшеде шетелдік қонақ «Извините, сколько времени?» деп сұраса, біздің шәкіртіміз мүдірмей жауап беруі керек. «Кешіріңіз» деген сөздің орысшасы «извините» екенін білу – мәдениет. Сыпайы жауап беру – тәрбие. Осыны орыс тілі сабағы үйретеді.

Үшінші мәселе – болашақ мамандық. Бүгінгі 10-сынып оқушысы ертең студент, кәсіпкер, гид, дәрігер болады. Қай салада болмасын, орыс тілін білу – артықшылық. Дәріханада дәрінің нұсқаулығын оқу үшін, кәсіпорында келісім-шарт толтыру үшін, әуежайда жолаушыға жол көрсету үшін орыс тілі керек.Сондықтан мен ата-аналарға айтар едім: баланы үш тілден шектемеңіз. Қазақ тілі – ана тілі, жүрек тілі. Орыс тілі – араласу тілі, көпір тілі. Ағылшын тілі – әлем тілі. Осы үш тілді қатар алып жүрген бала ғана бәсекеге қабілетті болады.

Тіл үйрену – жаттау емес, түсіну. Сан есімді жаттаған бала емес, сан есім арқылы уақытты қадірлеген, адамды сыйлаған, сөзін нақты айтқан бала – нағыз білімді бала.Орыс тілі сабағы осыған тәрбиелейді.

Гаухар  ЖУМАТАЕВА,

№46 Ә.Қастеев   атындағы

мектептің орыс тілі мен әдебиеті  мұғалімі.