Skip to content
Басты бет / Жаңалықтар / Инклюзивті білім беру – әр балаға тең мүмкіндік

Инклюзивті білім беру – әр балаға тең мүмкіндік

23 қаралым

«Мектеп бәрімізге ортақ» қағидасының негізгі бағыттарының бірі – инклюзивті білім беру жүйесін дамыту. Инклюзия – әрбір баланың жеке ерекшелігіне, қабілетіне, даму деңгейіне және денсаулық жағдайына қарамастан, сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау.

Әр бала қайталанбас тұлға. Бір оқушы ақпаратты жылдам қабылдаса, екінші оқушыға оны түсіну үшін көбірек уақыт қажет болуы мүмкін. Бір бала өз ойын еркін жеткізсе, енді біріне сөйлеу, қарым-қатынас жасау немесе оқу дағдыларын меңгеру барысында арнайы қолдау қажет болады. Осындай ерекшеліктерді ескеру – инклюзивті білім берудің басты талабы.

Мектепте ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында:

— Кедергісіз және қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыру;

— Пандустар, арнайы жабдықтар мен бейімделген оқу құралдарын қарастыру;

— Оқушының жеке мүмкіндіктеріне сәйкес оқу тапсырмаларын бейімдеу;

— Жеке оқу бағдарламалары мен жеке дамыту жұмыстарын ұйымдастыру;

— Педагог-психолог, дефектолог, логопед мамандарының жүйелі қолдауын қамтамасыз ету;

— Пән мұғалімдері мен арнайы педагогтердің өзара ынтымақтастығын нығайту;

— Сыныпта достық, түсіністік және өзара құрмет атмосферасын қалыптастыру маңызды.

Инклюзивті білім беру барысында дефектолог маманның қызметі ерекше орын алады. Дефектолог оқушының танымдық процестерін, яғни зейінін, есте сақтауын, қабылдауын, ойлауын, сөйлеуін және ұсақ моторикасын дамытуға бағытталған түзете-дамыту жұмыстарын жүргізеді.

Сонымен қатар логопед сөйлеу тіліндегі бұзылыстарды түзетуге, ал педагог-психолог баланың эмоционалдық жағдайы мен әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсетеді.

Инклюзивті ортада әр баланың кішкентай жетістігінің өзі үлкен нәтиже болып саналады. Басты мақсат – баланы өзгелермен салыстыру емес, оның жеке даму динамикасын бақылап, алға жылжуына мүмкіндік беру.

*Инклюзия – баланы ортаға бейімдеу ғана емес, ортаны да әр баланың қажеттілігіне қарай бейімдеу.*

4. Үйде оқыту – білім алуға берілген мүмкіндік

Мектептегі қолайлы жағдайлар туралы сөз қозғағанда, денсаулық жағдайына байланысты білім беру ұйымына тұрақты келе алмайтын балаларды үйде оқыту мәселесін де назардан тыс қалдыруға болмайды.

Үйде оқыту – медициналық қорытынды мен қолданыстағы талаптарға сәйкес білім беру ұйымына күнделікті қатыса алмайтын балаларға білім алуға мүмкіндік беретін білім беру нысаны.

Үйде оқитын әрбір оқушы да мектеп ұжымының толыққанды мүшесі болып табылады. Оның мектеп өмірінен шет қалмауы, білім алуға деген қызығушылығының төмендемеуі және құрдастарымен байланысының сақталуы маңызды.

Үйде оқытуды ұйымдастыру барысында:

— Оқушының денсаулық жағдайы мен жеке мүмкіндіктерін ескеру;

— Жеке оқу жоспары мен сабақ кестесін ұйымдастыру;

— Білім беру бағдарламасын оқушының қажеттілігіне қарай бейімдеу;

— Пән мұғалімдерінің сапалы әрі жүйелі сабақ өткізуін қамтамасыз ету;

— Оқушының білім жетістіктерін тұрақты бақылау;

— Психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету;

— Ата-анамен тығыз байланыс орнату қажет.

Үйде оқитын балалармен жұмыс жасауда пән мұғалімдерімен қатар дефектолог, логопед және педагог-психолог мамандарының өзара байланысы маңызды.

Дефектолог маман баланың танымдық қабілеттерін дамытуға, оқу материалын меңгеруіне, зейіні мен есте сақтауын жетілдіруге бағытталған түзете-дамыту сабақтарын жүргізеді. Сабақ барысында баланың шаршағыштығы, жұмыс қарқыны, қызығушылығы мен жеке мүмкіндіктері ескеріледі.

Үйде оқыту кезінде баланың тек академиялық білім алуына ғана емес, оның әлеуметтік және эмоционалдық дамуына да көңіл бөлінуі керек. Ол үшін сыныптастарымен онлайн байланыс ұйымдастыру, мектепішілік мерекелер мен іс-шараларға мүмкіндігіне қарай қатыстыру, құттықтаулар мен шығармашылық жұмыстарға тарту маңызды.

*Балаға қолайлы орта қалыптастыру – мектеп пен отбасының бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Мектеп бәрімізге ортақ! Бұл – мектеп табалдырығын аттаған әрбір баланың білім алуға, дамуға, армандауға және өз орнын табуға құқығы бар деген сөз. Бір бала мектеп партасында білім алса, екінші бала үйінде білім алады. Бір балаға жалпы білім беру бағдарламасы жеткілікті болса, екінші балаға арнайы педагогикалық қолдау қажет болуы мүмкін. Бірақ олардың барлығын біріктіретін ортақ құндылық – білімге деген құқық пен адамға деген құрмет.

Біз үшін баланың қай жерде оқитыны емес, қандай мүмкіндікке ие болғаны маңызды. Әр баланың қабілетін ашып, жүрегіне сенім ұялатып, болашағына жол көрсету – ұстаздық парызымыз.

Өйткені мектептің есігі барша балаға ашық болуы керек. Ешбір бала назардан тыс қалмауы тиіс. Мектеп бәрімізге ортақ, ал әр баланың болашағы – бәрімізге аманат!

Салтанат  ДҮЙСЕТАЕВА,

Мұстафа Шоқай атындағы №26 жббм.

Арнайы педагог(дефектолог).