
«Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық байқауының аудандық кезеңінде физика пәнінің мұғалімі Ауашева Гүлмира Сапаровна ІІ орын иеленді. Ұстаз байқауда «Сұрақтан сенімге-100 сұрақ» атты педагогикалық жобасын қорғады.
Жобаның негізгі мақсаты — жүйелі сұрақтар арқылы оқушының білім деңгейін анықтап қана қоймай, өз ойын еркін жеткізуіне және жауабына сенімді болуына жағдай жасау. «100 сұрақ» әдісі оқушыларға тақырыпты кезең-кезеңімен қайталап, негізгі ұғымдарды еске түсіруге, біліміндегі олқылықтарды байқауға көмектеседі. Мұғалім оқушылардың жауаптарын талдау арқылы олардың қай тақырыпты жақсы меңгергенін, қай тұсты қайта қарастыру қажет екенін анықтай алады.
Жобада сұрақтар оқушының жас ерекшелігі мен білім деңгейіне сай ұсынылады. Қарапайымнан күрделіге қарай құрылған тапсырмалар оқушыны ойланып жауап беруге, өз пікірін дәлелдеуге және физикалық заңдылықтарды өмірлік мысалдармен байланыстыруға жетелейді. Жауап беруге қиналған оқушыға ойлануға уақыт беріліп, қолдау көрсетіледі. Осылайша, қателесуден қорқу азайып, сабаққа қатысу белсенділігі артады.
«Сұрақтан сенімге-100 сұрақ» жобасының ерекшелігі — сұрақ қоюды білімді тексеру құралы ретінде ғана емес, оқушыны қолдап, алға жетелейтін тәсіл ретінде қарастыруында. Жүйелі кері байланыс оқушының өз жетістігін бағалауына, келесі оқу қадамын түсінуіне мүмкіндік береді. Ал мұғалімге сабақ мазмұнын сыныптың нақты қажеттілігіне қарай жоспарлауға көмектеседі.
Ауашева Гүлмира Сапаровнаның жүлделі орны — шығармашылық ізденісінің, педагогикалық шеберлігі мен оқушы дамуына бағытталған еңбегінің нәтижесі. Мектеп ұжымы ұстазды жетістігімен құттықтап, алдағы жұмысына табыс, шәкірттеріне биік белестер тілейді!
Акхал АГАЙДАРОВА,
Қ.Дәрімбаев атындағы №41 жалпы білім беретін мектептің директоры.
