Skip to content
Басты бет / Жаңалықтар / Жасанды интеллект дәуіріндегі мүмкіндіктер мен жаңашылдықтар

Жасанды интеллект дәуіріндегі мүмкіндіктер мен жаңашылдықтар

26 қаралым

Қазіргі білім беру кеңістігі күн сайын жаңарып, жаңа технологиялармен толығып келеді. Соның ішінде жасанды интеллект – білім беру саласына тың серпін әкелген заманауи құралдардың бірі. Бұл жаңашылдық қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда да жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.Қазақ тілі – ұлттың жаны, әдебиет – халықтың рухани қазынасы. Сондықтан бүгінгі ұстаздың басты міндеті – оқушыға тек білім беріп қана қоймай, оның ана тіліне деген құрметін арттыру, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру және шығармашылық қабілетін дамыту. Осы мақсатта жасанды интеллектіні тиімді пайдалану – уақыт талабы.Жасанды интеллект көмегімен сабақ мазмұнын түрлендіріп, қызықты тапсырмалар, шығармашылық жұмыстар, мәтіндік талдаулар мен интерактивті жаттығулар ұйымдастыруға болады. Әдеби шығармаларды талдау барысында оқушылар кейіпкерлер бейнесін салыстырып, шығарманың идеясын тереңірек түсінуге мүмкіндік алады. Ал тіл сабақтарында сауатты жазу, сөздік қорды байыту, мәтін құрастыру дағдыларын жетілдіруге жағдай жасалады.Дегенмен, жасанды интеллект мұғалімді алмастыра алмайды. Себебі ұстаздың оқушы жүрегіне жол табуы, ұлттық тәрбиені бойына дарытуы, адамгершілік пен ізгілікке баулуы – ешбір технология алмастыра алмайтын асыл міндет. Жасанды интеллект – ұстаздың көмекшісі, ал білім мен тәрбиенің негізгі бағыттаушысы – мұғалімнің өзі.Ең бастысы, заманауи технологияны қолдана отырып, ана тіліміздің қадір-қасиетін төмендетпей, ұлттық әдебиетіміздің құндылығын ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет. Өйткені технология қанша дамыса да, тілін құрметтеген, әдебиетін ардақтаған ұрпақ қана ұлт болашағын жарқын ете алады.

Заман өзгереді, технология жаңарады, ал ана тілі мен ұлттық рухтың құндылығы мәңгілік!

Ұлбосын АБДРАМАНОВА,

“№11 “Жеңіс” мектеп- гимназия” коммуналдық мемлекеттік  мекемесі.