Тұмаудың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау

Күз-қыс айлары – түрлі жұқпалы аурулардың, соның ішінде тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) жиі тарайтын кезеңі. Тұмау – тыныс алу жолдарын зақымдайтын жұқпалы ауру. Ол ауа арқылы, әсіресе жөтелу мен түшкіру кезінде тез тарайды. Аурудың негізгі белгілері – дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік, бұлшық еттің сырқырауы және мұрынның бітелуі.

Дәрігерлердің айтуынша, тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолы – жеке бас гигиенасын сақтау, иммунитетті нығайту, дұрыс тамақтану және уақтылы демалу. Сонымен қатар, адамдар көп жиналатын орындарда медициналық маска тағу мен бөлмелерді жиі желдету де аурудың таралу қаупін төмендетеді.

Осы орайда, Н. Оңдасынов атындағы №14 жалпы білім беретін мектепте оқушылар арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыру және аурулардың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізілді.

Іс-шараға Қазыбек би ауылдық емханасының жалпы тәжірибе дәрігері (ЖТД) Дүйсенбай Мөлдір арнайы шақырылып, жоғары сынып оқушыларымен мазмұнды кездесу өткізді. Кездесу барысында дәрігер тұмау мен басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу жолдары, жеке бас гигиенасын сақтау, дұрыс тамақтану және иммунитетті күшейтудің маңызы жөнінде кеңінен түсіндірді.

Сонымен қатар, Мөлдір Дүйсенбайқызы салауатты өмір салтының негізгі қағидаларына тоқталып, денсаулықты сақтауда қозғалыс белсенділігінің, дұрыс күн тәртібінің және зиянды әдеттерден аулақ болудың рөлін ерекше атап өтті.

Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пайдалы кеңестер алды. Кездесу барысында денсаулыққа жауапкершілікпен қарау, аурудың алдын алу және салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы туралы маңызды ойлар айтылды.

Мұндай кездесулердің мақсаты – жас ұрпақтың бойында денсаулыққа деген жауапкершілікті, жеке гигиена мәдениетін және салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Н. ЖҰМАШЕВА,  А.НҰРЫМБЕТОВА,

Н.Оңдасынов атындағы  мектептің медбикелері.

М. ӘЛІМБЕК,

директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *