«Адал ата-ана — қауіпсіз балалық шақ»

Бала қауіпсіздігі – әрбір ата-ананың аманаты, әрбір азаматтың жауапкершілігі

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Түркістан облысы білім басқармасы балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, олардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру мақсатында «Адал ата-ана — қауіпсіз балалық шақ» атты өңірлік тұжырымдаманы бекітті.

Бұл бастама – бүгінгі қоғам үшін аса өзекті мәселелердің бірі саналатын бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құжат. Өйткені бала – ұлттың болашағы, елдің ертеңі, мемлекетіміздің ең қымбат байлығы. Әрбір баланың алаңсыз күліп, қауіпсіз ортада өсіп-жетілуі – баршамыздың қасиетті борышымыз.

Қазіргі таңда балалардың қауіпсіздігі тек көшедегі немесе мектептегі тәртіппен шектелмейді. Жол-көлік оқиғалары, судағы қауіпсіздік, өрттің алдын алу, тұрмыстық жарақаттар, интернеттегі киберқауіптер, әлеуметтік желілердің ықпалы – мұның барлығы ата-ана мен педагогтердің ерекше назарын талап етеді. Сондықтан балаға қамқор болу – оны жақсы көрумен ғана емес, оның өміріне жауапкершілікпен қараумен өлшенеді.

№11 «Жеңіс» мектеп-гимназиясы ұжымы үшін оқушы қауіпсіздігі – тәрбиелік жұмыстың басты бағыты. Мектебімізде балалардың денсаулығын сақтау, құқықтарын қорғау, қауіпсіз орта қалыптастыру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Жазғы демалыс кезеңінде ата-аналармен түсіндіру кездесулері өткізіліп, қауіпсіздік ережелері бойынша жадынамалар таратылып, профилактикалық шаралар ұйымдастырылуда. Әсіресе, балалардың су айдындарында қараусыз қалмауы, жол жүру ережелерін қатаң сақтауы, интернет кеңістігін мәдениетті әрі қауіпсіз пайдалануы, беймәлім адамдармен қарым-қатынас жасаудан сақ болуы, бос уақытын пайдалы істерге арнауы – ата-аналардың тұрақты бақылауында болуы тиіс.

Отбасы – баланың алғашқы мектебі, ал ата-ана – оның ең алғашқы ұстазы. Баланың бойындағы тәртіп, жауапкершілік, сақтық пен адамгершілік қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады. Адал ата-ана – баласына тек тәрбие беруші ғана емес, оның қауіпсіздігіне кепіл болатын тұлға. Сондықтан әрбір ата-ана баласының кіммен араласатынын, қайда жүргенін, немен айналысатынын үнемі бақылап, оның өміріне бейжай қарамауы қажет.

Бала қауіпсіздігі – бұл бір күндік науқан емес, күн сайынғы қамқорлық пен жүйелі жұмыстың нәтижесі. Мектеп пен ата-ана өзара тығыз байланыста болғанда ғана біз балаларымызға қауіпсіз, жарқын әрі бақытты балалық шақ сыйлай аламыз.

Балалардың шат күлкісі – елдің ең қымбат үні. Сол күлкінің ешқашан өшпеуі үшін әрқайсымыз өз жауапкершілігімізді терең сезінуіміз керек. Өйткені қауіпсіз балалық шақ – саналы ата-ананың, жауапты мектептің және біртұтас қоғамның ортақ жетістігі.

Ғалымжан АМАНОВ,

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары №11 «Жеңіс» мектеп-гимназиясы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *