Қазіргі қоғамда бала қауіпсіздігі – ең маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, суицид, өрт қауіпсіздігі мен балалар өлімі секілді қайғылы жағдайлар әрбір ата-ананы ойландыруы тиіс. Бала тәрбиесіндегі адалдық, жауапкершілік және қамқорлық – қауіпсіз балалық шақтың басты кепілі.
Түркістан облысы, соның ішінде Жетісай ауданы бойынша балалар қауіпсіздігі мәселесі соңғы жылдары жиі көтеріліп келеді. 2024 жылы аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясында жасөспірімдер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау және суицидтің алдын алу мәселелері арнайы қаралған. Бұл қоғамдағы өзекті проблеманың бар екенін көрсетеді.
Қазақстан бойынша мектеп оқушылары арасындағы суицид жағдайлары да алаңдатарлық деңгейде. Мамандар мұның негізгі себептері ретінде ата-ана мен бала арасындағы байланыстың әлсіреуі, психологиялық қысым, әлеуметтік желінің теріс әсері және немқұрайдылықты атап өтеді. Сонымен қатар, аудан көлемінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейдтер ұйымдастырылып келеді. 2024 жылғы рейд барысында түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген 9 жасөспірімге әкімшілік шара қолданылған. Бұл да балаларды бақылау мен тәрбие мәселесінің өзектілігін дәлелдейді.
Балаға ең алдымен отбасының жылуы мен ата-ананың мейірімі қажет. Адал ата-ана баласының тек сабағына емес, ішкі жан дүниесіне де көңіл бөледі. Оның досын, қызығушылығын, көңіл күйін бақылап, ашық әңгімелесіп отырады. Себебі бала өзін түсінетін жан бар екенін сезінгенде ғана қауіпсіз ортада өседі.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халқымыз. Сондықтан әрбір ата-ана баласына адалдық пен адамгершіліктің үлгісін көрсетуі керек. Қауіпсіз балалық шақ – тек мемлекеттің емес, әр отбасының ортақ жауапкершілігі. Бақытты әрі қауіпсіз бала – елдің жарқын болашағы.
Г. КАНТЕЕВА,
«№76 жалпы білім беретін мектеп» КММ қосымша білім беру педагогы.
