АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АНАЛАРҒА АЛҒЫС АЙТТЫ

Жетісай ауданында «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне арналған мерекелік іс-шаралар ғасыр жасаған әжелерімізді құттықтаумен басталды. Аудан әкімі Серік Үсенұлы 100-ден асқан әжелердің үйлеріне барып, арнайы құттықтады. Сый-сияпатын жасады.

Бір қолмен әлемді, бір қолмен бесікті тербеткен кешегі кеңес дәуірін көріп, ғасырды артта қалдырған аналар қатары қазіргі таңда саусақпен санарлық. Киелі, қасиетті де қастерлі болған аналар тіршіліктің бастауы. Өйткені, ел билеген патша да, аты жер жарған алып батыр да, қара сөздің қаймағын ішкен ақын да ананың алтын құрсағынан бастау алады.

«Сіздерді жайма шуақ көк желекті көктеммен бірге көңілге қуаныш сыйлай келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер, қыз-келіншектер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күнді ақ самайлы асыл әжелерімізден бастап, күлімдеген қаракөз жас жеткіншектерімізге дейін асыға күтетіні анық. Әр үйдің, жанұяның, Отанның мерейі мен ұйытқысы болып табылатын әйелдер қауымына айтарымыз тек алғыс» делінген аудан әкімінің құттықтауында.

«Жасы үлкенді қадірлесе құт болар, Қадірлі кісі қартаймас» деп ұлы ғұламалар өсиет етіп келер ұрпаққа қалдырғандай жақсылықты жанымен қолдап, өнегелі іске сергектікпен ден қойып отырған Жетісай қаласының тұрғыны Күлсін Ақсаева мен Қазыбек би ауылдық округінің тұрғыны Қалдан Қадырбекова ауыл-аймақ тұрғындарының тұтастық өмірінің өзекті мәніне айналған. «Ауылыңда кімің бар?» дегенде көнекөз қарттарын, әсіресе, бәйтерек сынды бетке ұстар қазыналы қарттарын үлкен-кіші марқайып, мақтан етеді.

Б.НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған