Ардагер ұстаздың тілегі — қоштасу емес, аманат!

1988 жылы Алматы қаласындағы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің, қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің  география факультетін жас маман болып бітіріп келіп, қолымда дипломыммен №15 Мағжан Жұмабаев атындағы мектептің табалдырығын аттағаныма да 38 жыл өтіпті. Содан бері осы қара шаңырақта үздіксіз еңбек етіп келемін.

38 жыл… Бұл — менің ғұмырым. Бұл — тақтадағы бордың ізі емес, жүрегімдегі шәкірттерімнің ізі.. Осы жылдар ішінде мен географиядан сабақ бердім, бірақ шын мәнінде балаларға жер шарын танытып қана қоймай, туған жерді сүюді үйретуге тырыстым. Картадан елдерді көрсеттім, бірақ менің ең басты мақсатым- картадағы сызықтарды жаттату емес, туған жердің топырағын қадірлеуді, Отанды сүюді, өз еліңнің патриоты болуды үйрету болды.

№15 мектеп мен үшін жай ғана жұмыс орны

емес, екінші үйім болды. Мұнда алғаш рет «Апай» деген сөзді естідім. Мұнда қуандым, кейде жыладым да. Мұнда мен ұстаз болып қалыптастым. Ұстаздық жол — даңқ іздейтін жол емес. Бұл — шәкіртінің жетістігіне балаша қуана білетін, оның сәтсіздігіне анаша алаңдайтын жол. Менің ең үлкен марапатым — түрлі салада еңбек етіп жүрген шәкірттерімнің «Нурбала апай» деп іздеп келетін ыстық ықыласы. Бүгін зейнетке шығар алдында, Ұстаздар күні қарсаңында, мен сіздерге ренжімеймін, тек тілегімді айтқым келеді.

Жас әріптестеріме аманатым:

Құрметті жас ұстаздар! Қазіргі білім — басқа, бала — басқа, талап — басқа. Бірақ ұстаздың жүрегі өзгермеуі керек. Баланы шын жақсы көрмей, оны оқыту мүмкін емес. Сабаққа дайындалғанда, ең алдымен жүректеріңді дайындаңдар, ұстаздың ең үлкен қаруы — білімі емес, мейірімі. Мейіріммен айтылған бір ауыз сөз баланың тағдырын өзгертеді. Әр бала — жеке әлем. Оларды бір-бірімен салыстыруға болмайды. Біздің міндетіміз — әр гүлдің өз уақытында ашылуына көмектесу.

 Менің 38 жылда түйгенім — сабырлы ұстаздың шәкірті озады, мейірімді ұстаздың шәкірті адам болып қалыптасады.

 Шәкірттеріме тілегім:

Менің алдымнан мыңдаған шәкірт өтті. Кейбірің бүгінде үлкен азамат болып, ел басқарып отырсыңдар, кейбірің енді ғана қанат қағып келесіңдер. Мен сендерге тек биік белестерді тілеймін. Қайда жүрсеңдер де, Мағжан атамыз айтқандай, «Мен жастарға сенемін» деген сенімді ақтаңдар. География пәнінен жаттағандарың ұмытылар, бірақ адамгершілік сабағы ешқашан ұмытылмасын. Мен мектептен кетсем де, ұстаздықтан кетпеймін. Ұстаз деген — зейнетке шықпайтын мамандық. Менің есігім, жүрегім әрқашан сіздер үшін ашық.

Құрметті әріптестер! Сіздерді келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз — Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге қажымас қайрат, шығармашылық шабыт, шәкірттеріңіздің құрметіне бөлене беруді тілеймін.

 Нурбала КОЖАХМЕТОВА,

М. Жұмабаев атындағы №15 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі.