
Әр адамның өмір жолында жүрегіне жақын, тағдырын айқындайтын ерекше таңдау болады. Мен үшін сондай таңдау – ұстаздық жол. Бала кезімнен математика пәнінің мұғалімі болуды армандадым. Сол арман жетегінде 2009 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін математика мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдадым.
Сол жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Мақтаарал ауданының Таубай ата ауылындағы М.Жұмабаев атындағы мектепке математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылдандым. Осылайша, менің ұстаздық өмірім ауыл мектебінің қарапайым да қасиетті табалдырығынан басталды.
Бүгінде осы білім ордасында еңбек етіп келе жатқаныма 17 жылға жуықтады. Осы жылдар ішінде талай шәкірттің жүрегіне білімнің шырағын жағып, биік армандарына қанат бітірдім. Кішкентай ауылдан түлеп ұшқан шәкірттерімнің үлкен қалаларда білім алып, өмірден өз орындарын тауып жатқанын көру – мен үшін ең үлкен бақыт әрі еңбегімнің жемісі.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы маған туған жерге қызмет етуге, кәсіби тұрғыдан қалыптасуға және талай баланың болашағына жол ашуға мүмкіндік берді.
*Ұстаздық – жай ғана мамандық емес, ол жүрекпен атқарылатын ұлы міндет.* Білім – инемен құдық қазғандай. Сондықтан білімге құштар, арманы асқақ шәкірттер көбейіп, ауыл мектептерінен ел мақтанышына айналар азаматтар қанат қақсын!
Индира АХМЕТОВА,
«М.Жұмабаев атындағы N15 ЖОМ» КММ.
