ӘЖЕЛЕР КӨКТЕМНІҢ АЛҒАШҚЫ ГҮЛІН ЕКТІ

Көктемнің алғашқы күні-тіршілік атаулының оянуы және 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Жетісай аудандық әжелер алқа­сы­ның төрайымы, елдің дана анасы атанған  Айжамал Ермаханқызы Қоңырбаеваның ұйытқы болуымен аудандық ардагерлер ғима­ра­тының алдына әжелеріміз 50 шақты раушан гүлінің көшеттерін өз қолдарымен отырғызды. Сондай-ақ, ақ кимешекті аналарымыз бір-бірімен құшақ жая амандасып, мерекелік жылы лебіздерін арнап, әлемде болып жатқан жағдайдың оң шешілуін тілеп, елімізде ынтымақ-бірлік болсын десті.

Көктемгі егістің басын бастап берген өнерлі әжелер бұдан соң «Асыл қазына және Тең қоғам» әлеуметтік орталығында демалып, ем қабылдап жүрген еңбек ардагерлеріне арнап, «Па, шіркін, сол бір кез» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырып, ауылдың алты ауыз әндерінен шашу шашты. Бұл орталықта күнделікті  100-ге жуық ардагерлер массаж қа­былдап, қан айналымының жақсаруына көмек болатын жаттығу құралдарымен шұғыл­да­ну­да. Сондай-ақ, мидың жұмыс істеу қабілетін жақсартатын шахмат ойындарын ойнап, бір мезгіл көңіл сергітуде. Мұнда ардагерлер үшін арнайы мамандар қызмет көрсетуде.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған