БЕЙБІТ КҮННІҢ ЖАРШЫСЫ БОЛҒАН АРДАГЕРЛЕР

Қазыбек би ауылдық округіне қарасты Қазыбек би мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдас­ты­руымен КСРО әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарыл­ғанына 33 жыл толуына орай «Ауғанның отты жалыны» атты ардагерлермен кездесу кеші онлайн тәртібімен өтті. Шараның мақсаты – Ауған соғысы жайлы тереңірек біліп, тарихи оқиға­лар­дың ақиқатын тану, соғыс арда­герлерінің басынан өткергендері мен олардың ерліктерін балалар өз құлақтарымен естуге мүмкіндік беру.
15-ақпан – Кеңес Одағы әскерінің Ауған жерінен шығарылған күні. Биыл бұл тарихи сәтке 33 жыл толып отыр. Қаншама жерлес ағаларымыз Отан алдындағы борышын өтеу үшін, халқының, туған жерінің арқа сүйер азаматы екенін дәлелдеу мақсатында толарсақтан қан кешкен майданға аттанғанынан хабарымыз бар. Олардың арасында қайта туған елге оралуға мүмкіндігі болмай, сүйегі жат елдің даласына жерленгені барша қазақ жұрты үшін қасірет еді.
Аталмыш шарада Қазыбек би ауылының тұрғыны, Ауған соғысының ардагері Жиенбай Сартаев қонақта болып, батырмен кездесуге №17 «Түркістан» ЖОМ 7 «Б» сынып оқушылары Таңшолпан Молдағали, Гүлзат Қалдыбек, Айсұлу Ерғали, Әлия Темірхан, Назерке Бақытбек, Аятхан Рахманберділер мен №16 Ж.Сәуірбаева атындағы ЖОМ-нің 4 «Ә» сынып оқушысы Нұрмахан Базарбайлар қатысты. Ауған соғысының ардагері Жиенбай аға сұрапыл жылдарында өзінің басынан өткендерін айтып, қазақстандық бауырларының ерліктеріне бас иетінін тебірене жеткізді. Сондай-ақ, жас буын жеткіншектерге ешқашанда Отанға тіл тигізуге, оны құрметтемеуге болмайтынын айта келе, елімізді гүлдендіріп, дамыту жолында аянбай еңбек етуге, мектепте жақсы оқуға, ата-ананың айтқанын тыңдап, үлгілі, әдепті бала болып өсуге шақырды. Және де елімізді дамытудың кілті-білімде екенін айтып, білім алуға құштар болуды, “Жаңа Қазақстанның” жаңғыруына жол ашатын – жастар екенін түсіндірді. Аталық ақ батасын беріп, оқушыларды қызықтырған сұрақтарға да байсалды түрде байыппен жауап берді.
Батыр аталарына арнап домбы­рашылар үйірмесінің шәкірттері «Тепен көк» халық күйін орындады. Мәнді де мағыналы кештің өсіп келе жатқан жеткіншектерге берер тағылымы мол болмақ деген ойдамыз. Ерлік ешқашан естен шықпайды. Ағамыздың Отан алдындағы борышына адал қызмет еткеніне қашанда құрмет көрсетіп, оның ерлігін дәріптеуді парызымыз деп білеміз.
Ұлбосын МАЛЖАНОВА,
Қазыбек би мәдениет үйінің меңгерушісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған