2026 жылғы 25 мамыр күні Жетісай ауданы білім бөлімінің тапсырмасына сәйкес мектебімізде «Білімім – Отаныма» тақырыбы аясында «Соңғы қоңырау – 2026» салтанатты іс-шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталып, мектеп бітіруші түлектерге ерекше құрмет көрсетілді. Биылғы 2025–2026 оқу жылында мектептің 11-сыныбын 35 оқушы аяқтап, олардың ішінде 2 оқушы «Алтын белгіге», 3 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Бұл – ұстаздар еңбегі мен шәкірттердің білімге деген ұмтылысының жарқын нәтижесі.
Іс-шараға білім бөлімі өкілдері, учаскелік полиция қызметкерлері, ата-аналар қауымы қатысып, түлектерге ізгі тілектерін білдірді. Мектеп директоры
А. Агайдарова мектеп бітіруші жастарға жүрекжарды лебізін арнап, үлкен өмір жолында сәттілік пен биік белестер тіледі.
Дәстүрге сай мектеп түлектері «Білім кілтін» және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын өз ізбасарлары – 10-сынып оқушыларына табыстап, ақ жол тіледі. Сонымен қатар түлектер ән шырқап, әсерлі қоштасу вальсін билеп, алтын ұя мектебімен қимастықпен қоштасты.
Іс-шарадан кейін 1–11 сынып оқушыларына «Білімім – Отаныма» тақырыбында сынып сағаттары өткізіліп, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында патриотизм, бірлік, тәртіп, қауіпсіздік, еңбекқорлық, үлкенге құрмет пен кішіге ізет секілді ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталды.

Сонымен қатар жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік шаралары, заң мен тәртіп қағидаларын сақтау, «Таза Қазақстан» бастамасы, кітап оқудың маңызы мен пайдалы демалысты тиімді ұйымдастыру жолдары түсіндірілді.
Балалардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектепте арнайы штаб құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Кешкі уақытта мектеп бітіруші түлектер бекітілген мұғалімдер арқылы ата-аналарына жеке табысталып, қауіпсіздікке қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мектеппен қоштасқан жас түлектерге ақ жол, жарқын болашақ, биік белестер тілейміз! Олардың алған білімі туған елдің игілігіне қызмет етіп, Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне үлес қоса берсін!
Акхал АГАЙДАРОВА,
«Қ. Дәрімбаев атындағы №41 жалпы білім беретін мектептің» директоры.
