ЕРЛАННЫҢ ҚЫЗМЕТІНЕ СҰРАНЫС КӨП

Ел ішінде көзге де, сөзге де іліне бермейтін тасадан тысқары мамандықтар бар. Дегенмен, ол мамандықтардың қоғам үшін маңызы зор. Тіпті, мамандықтың атауын да дөп басып айта алмайтын түрлері кездеседі. Мәселен, заман талабына сай үлкен жол жиегіне немеcе дүкендер мен ғимараттарға камера орнату.

Жетісай қаласының тұрғыны Ерлан Амандуллаев бүгінде камера орнатудың хас шебері десе болады. Жиырма жылға жуық уақыттан бері Жетісай ауданы түгілі көршілес аудандардың да тапсырысы бойынша ғимараттарына камера орнатып, бала-шағасының несібесін тауып жүрген Ерекең бұл жұмысқа қызығушылықпен келгенін айтады. 

«Өзімнің негізгі оқып, диплом алған мамандығым – электро-дәнекерлеуші. Алайда, ол салаға қызығушылығым болмаған соң жұмысым да мандымады. Камера орнатудан алдын тұрғын­дардың сұрауы бойынша теледидарларына антенна орнатудан бастадым. Ал, антенна орнатуды маған 15 жасымда досым Дима үйреткен болаты. Екеуміз өз қолымызбен қаншама түрлі антенналарды жасап, тұтынушыларымыздың сұранысына қарай жасап беріп жүретінбіз. Осылайша он бес жасымызда-ақ Дима досымыз екеуміз адал жолмен табыс табуды үйрендік. Кейінірек Дима ата-баба қонысы Ресей еліне көшіп кеткен соң өз бетімше қызығушылығымды дамытып, бүгінде тапсырыс бойынша мекемелерге, сауда нүктелеріне, ғимараттарға, жеке үйлерге домофон, антен, камера, кондиционер орнатып беремін. Күні кеше ғана ауданымызда орналасқан балабақшаға камералар орнатып бердім. Бұл қызмет түрлеріне қазіргі таңда сұраныс көп. Кейде үлгермей жататын да кездерім болады. Тіпті, бұл қызметке сұраныс болмаған жағдайдың өзінде электромонтаж жасаймын. Аллаға шүкір, осы өнерімнің арқасында отбасымды ешкімнен кем етпей асырап келемін»,- деген Ерлан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп атауын тек қана жақсылыққа балайды. «Бұл жаңалықты естігенде дұрыс шешім деп қабылдадым. Себебі, мемлекет тара­пынан қаржыланбайтын, өзін-өзі қара жұмыспен қамтып, күнін көріп жүрген жұмысшылар өте көп. Назардан тыс қалып келе жатқан осындай жұмысшыларға биыл мемлекетімізде қолдау білдіріп, өмір сүру дағдысына жеңілдіктер қарастырылып жатса неге қуанбасқа? Меніңше, тек бір жылды ғана қарапайым мамандық иелеріне арнау аздық етеді. Осы бастама алдағы уақытта да жалғасын тапса құба-құп болар еді деп ойлаймын»-деді еңбекқор кейіпкеріміз.

Ерлан 5 баланың әкесі. Балалары да әкесі секілді елден ерек еңбекқор, уақыт талабына сай құлшыныстары ерекше. Үлкен ұлы Нұрмұхаммед архитектор мамандығын таңдап, бүгінде Астана қаласында грантпен жоғары оқуда студент. Ал, 11 сыныпта оқитын Нұрасыл шаштараз боламын деген ниеті бар. Үшінші перзенті Нұрәли спортты таңдапты, еркін күрестен бағын сынап түрлі жарыстарға барып, болашағынан үміт күттірген жастардың бірі. Шаңырақтың төртінші перзенті Нұрдәулет дарынды суретші. Небәрі 7 сыныпта оқып жүрген ол сурет салуға қызығатын жастарға жетекшілік жасап жүр. Ерекеңнің кенже ұлы Иманғали балабақшада.

Берекесі мен бірлігі бекем отбасының таудай арқа сүйер азаматы болып келе жатқан Ерлан Амандуллаевқа жұмысына табыс, отбасына амандық тілейміз.

Мұрат ТҰРСЫМЕТОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *