Жетісай ауданының білім бөліміне қарасты «Ә.Молдағұлова атындағы №34 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 2025–2026 оқу жылында Түркістан облысының білім басқармасының 2026 жылғы 8 мамырдағы №25/3035 хатына сәйкес, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі аясында «Адал ата-ана – Қауіпсіз балалық шақ» өңірлік тұжырымдамасы негізінде 15-мамыр күні ата-аналар жиналыстары ұйымдастырылып өткізілді.

Аталған іс-шаралардың басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, бала құқығын қорғау және отбасындағы тәрбиенің маңыздылығын түсіндіру болды. Жиналыстар барысында ата-аналарға арнайы дайындалған нұсқаулықтар мен слайдтық көрсетілімдер ұсынылып, «шоктық терапия» әдісі арқылы түрлі өмірлік жағдайлар мен қоғамда орын алып жатқан келеңсіз оқиғалар көрсетілді. Бұл әдіс ата-аналардың бала қауіпсіздігіне деген көзқарасын қалыптастырып, олардың санасына ерекше әсер ету мақсатында ұйымдастырылды.
Қазіргі таңда қоғамда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, интернетке тәуелділік, буллинг, ерте жүктілік, зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғалары, өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттері секілді келеңсіз жағдайлар жиі кездесуде. Осындай қауіптердің алдын алу – тек мектептің ғана емес, ең алдымен ата-ананың міндеті екені жиналыс барысында жан-жақты түсіндірілді. Бала тәрбиесі – үлкен жауапкершілікті талап ететін қасиетті міндет. Сондықтан ата-ана баласының бос уақытын бақылап, кіммен араласатынын, қандай ортада жүретінін, интернет желісінде қандай ақпараттарды қарайтынын қадағалап отыруы қажет екендігі айтылды.
Жиналыс барысында мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшілері ата-аналарға бала өмірі үшін жеке жауапкершілікті ұғындыру бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында отбасы, мектеп, құқық қорғау органдары және қоғам болып бірлесе әрекет ету қажеттігі айтылды. Бұл – келеңсіз жағдайлардың алдын алудың ведомствоаралық біртұтас жүйесін қалыптастыруға негіз болады.
Іс-шарада ата-аналарға баламен дұрыс қарым-қатынас орнатудың жолдары түсіндірілді. Әсіресе балаға қысым көрсетпей, зорлық-зомбылықсыз тәрбие беру, баланың жан дүниесін түсіну, оны тыңдай білу, сенімді байланыс қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мамандар ата-аналарға бала тәрбиесінде қаталдық пен қорқытудың орнына мейірім мен түсіністіктің маңызды екенін атап өтті. Өйткені бала өзін қауіпсіз әрі еркін сезінген ортада ғана дұрыс қалыптасып, болашаққа сеніммен қарай алады.
Сонымен қатар ата-аналарға қазіргі заманғы тәрбие беру әдістері туралы кеңестер беріліп, олардың өздерін тек ата-ана ғана емес, тәрбиеші ұстаз ретінде де сезіну қажеттігі түсіндірілді. Бала тәрбиесіндегі ең басты үлгі – ата-ананың жеке өнегесі екені айтылып, отбасы құндылықтарын сақтау, ұлттық тәрбие беру, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу секілді адамгершілік қасиеттерді бала бойына сіңіру жолдары талқыланды.
Жиналыс соңында ата-аналар өз пікірлерімен бөлісіп, мұндай тәрбиелік маңызы зор кездесулердің жиі өткізіліп тұруы қажеттігін айтты. Олар бала қауіпсіздігі мәселесінің қоғам үшін аса маңызды екенін жеткізіп, мектеппен бірлесе жұмыс жасауға дайын екендіктерін білдірді.
Қорытындылай келе, «Адал ата-ана – Қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында өткізілген ата-аналар жиналысы – өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды. Себебі бала қауіпсіздігі – мемлекет болашағының кепілі. Саналы тәрбие мен мықты отбасы құндылықтары қалыптасқан жерде ғана қауіпсіз әрі бақытты қоғам орнайды.
Ақарыс МАТЖАНОВ,
Жетісай ауданы білім бөлімінің «Ә.Молдағұлова атындағы №34 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің, директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары.
