Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан конституциялық реформалар еліміздің саяси жаңғыру жолындағы маңызды кезеңін айқындап отыр. Жуырда Мемлекет басшысы бірқатар конституциялық заңдарға қол қойып, Ата Заң аясындағы институционалдық өзгерістердің жаңа кезеңін бастады.

Аталған өзгерістердің басты мақсаты – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ қоғамдық басқаруға азаматтардың қатысуын кеңейту болып табылады. Бұл қадамдар Қазақстанда құқық үстемдігін қамтамасыз етуге және әділетті мемлекет қағидаттарын терең орнықтыруға бағытталған.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жарлығымен Конституциялық реформа жөніндегі арнайы комиссияның құрылуы – Ата Заңды заман талабына сай жетілдірудің жүйелі түрде жүргізілетінін көрсетеді. Комиссияның қызметі қоғам пікірін ескере отырып, Конституцияға енгізілетін өзгерістердің ашық әрі жан-жақты талқылануына мүмкіндік береді.

Білім беру саласы өкілдері ретінде біз бұл реформалардың стратегиялық маңызын ерекше атап өтеміз. Өйткені құқықтық мемлекет пен демократиялық құндылықтар ең алдымен жас ұрпақтың санасында қалыптасуы тиіс. Мектеп қабырғасынан бастап оқушылардың құқықтық мәдениетін арттыру, азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеу – қазіргі реформалардың басты рухымен үндес.
Қорыта айтқанда, конституциялық жаңғырулар Қазақстанның тұрақты дамуына, әділетті қоғам құруға және халықтың мемлекетке деген сенімін арттыруға берік негіз қалайды. Бұл – ел болашағы үшін қабылданып жатқан тарихи маңызы зор қадамдар.
Гүлжан УБАЙДИНА,
№10 «Қайнар» мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры.
