МАХАББАТ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ КОРОЛІ

Жуырда «Сырдария» университетінде «Барлығы да, Поэзия, сен үшін», – деп жырлаған әдебиет майталманы, қазақтың қара өлеңін құдіретке айналдырған Мұқағали Мақатаевтың туылған күніне арналған «Сағынады ақынды сыздап жүрек» не «Махаббат поэзиясының королі» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау. Ақын поэзиясының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екендігін таныту, ақынның ақындық талантын шәкірт жүрегіне ұялату, сол арқылы олардың бойында поэзия әлеміне, жалпы сөз өнеріне деген сүйіспеншілікті берік қалыптастыру.
Жыр кернеуі алға жылжыған сайын М.Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырайды. Қысқа ғана ғұмырында М.Мақатаев ұрпақтарға ұланғайыр мұра қалдырып кеткен ұлы ақын деуімізге болады.
Университеттің «Гуманитарлық ғылымдар және заң» факультеті, «Филология» кафедра­сына қарасты Қазақ тілі мен әдебиеті мұ­ға­лім­дерін даярлау білім беру бағдарламасы сту­денттерінің ұйымдастыруымен әдеби-сазды кеш ақынның өмірі мен шығармашылығы ту­ралы дерек беретін бейнебаяннан бастау ал­ды. Кеште ақынның өлеңдерін, поэмаларын мәнеріне келтіріп орындауда студент-жастар керемет шеберліктерін көрсетті. Кеш бары­сында Оспан Ұлжан мен Юсуп Мадина «Мен деп ойла», Қыстауова Ақдидар «Айтатын саған сырым бұл», Смайылов Ерсұлтан мен Көпжасар Бағдат «Есіңе мені алғайсың» ән­де­рін тамылжыта орындады. Әшірәлі Арайлым мен Оңалтай Аружан ақынға арнаған өзде­рі­нің арнау өлеңдерін оқыды. Студенттердің сах­наластыруымен «Жетімдер үні» атты өлеңі мен «Мұқағалидың туылған күні» қойылымы көрерменнің поэзия саңлағына деген көз­қа­расына, ой-парасатына айқын мән кіргізді.
Айшықты астармен, тартымды тұспалмен, ұтқыр ұйқаспен көмкеріліп, рухани терең тебіреністің өрнекті өзегінен өрбитін көмескіге көзі қырағы біртума ақынның оралымды ойлары, күйінішті жан күйзелісі, сүйінішті сырлы сезімі айырықша дарынды, сағыныш сарынды өлмес өлең жолдарынан келісті көрініс тауып, жыр сүйер қауым Мұқағали рухына тағзым етіп, жан тебірентерліктей әсерлі өлеңдері арқылы өзімен сырласқандай күйде болды.
Мұратбек АНАРБАЙҰЛЫ,
«Сырдария» университетінің қауымдастырылған профессор м.а., философия докторы (PhD).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған