МАЛ БОРДАҚЫЛАУДЫҢ ПАЙДАСЫ КӨЛ-КӨСІР

Жетісай ауданында ірілі-ұсақты мал бордақылау алаңдарының қатары жыл санап артып келеді. Солардың бірі – Мақталы ауылдық округіндегі «Мүйтембай ата» шаруа қожалығы. Аталған қожалықта бүгінде 47 бас ірі қара мал бордақылануда. Осы шаруашылықта өндірілген ет өнімдерін негізінен Жетісай мен Мақтаарал аудандарының, Мақталы ауылдық округінің халқы тұтынады.

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жұмыс кестесіне сәйкес Мақталы ауылдық округінде болып, аталмыш шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, оң бағасын берді.

Жылына 215 басқа дейін мүйізді қараны бордақылап, 50 тонна ет өндіретін қожалық төрағасы Нұржігіт Мүйтембаев бұл кәсіпті осыдан 13 жыл бұрын қолға алыпты. Бордақыланатын малдың жем-шөбі қожалықтың өзінде әзірленеді. Жылда қожалыққа тиесілі 30 гектар жердің 10 гектарына жүгері, 10 гектарына жоңышқа, қалған 10 гектарына мақта шитін себеді.

«Жем-шөп өзімізде әзірленгендіктен шығын да көп кете қоймайды. Малды союдан бөлек диханшылыққа қаражат керек болғанда семіртіп те сатамыз. Тапсырысты үйлеріне дейін жеткізіп беретін де кездеріміз болады. Алдағы уақытта мал бордақылау алаңын ұлғайту үшін асыл тұқымды мал басын көбейтуді де жоспарлап отырмыз»,-деді 10-ға тарта тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған қожалық төрағасы.

Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданында жұмыс істеп тұрған ірілі-ұсақты 58 мал бордақылау алаңдарында 250 бас жылқы, 378 бас ірі қара, 1395 бас қой бар болса, Мақталы ауылдық округінде тіркелген 4 мал бордақылау алаңдарында 56 бас жылқы мен 62 бас мүйізді ірі қара, 180 бас қой есепке алынған.

ЖАҢА ЖЕТІСАЙ-АҚПАРАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған