«Мамандығым — мақтанышым!»

«№74 жалпы білім беретін мектеп» КММ-де ел жандылық пен рухани құндылыққа толы ерекше шара – мектеп түлектерімен сыр-сұхбат өтті. Бұл күн оқу орны үшін де, шәкірттер үшін де айрықша мәнге ие болды. Өйткені бір кездері осы білім шаңырағында тәлім алған, бүгінде ел игілігіне қызмет етіп жүрген азаматтардың қайта оралуы – мектептің мәртебесін арттырып қана қоймай, жас ұрпаққа өнеге, үлкен мотивация сыйлады.

Кездесудің құрметті қонақтары:

Байназаров Нұрғали мырза – Атамекен ауылдық округінің әкімі;

Мырзаханов Алладин мырза – Жетісай ауданы маслихат депутаты;

Жарылқапов Мұратбек мырза – жеке кәсіпкер;

Илес Нұрдәулет мырза – жас кәсіпкер;

Даниярқызы Балгерім ханым – кондитер маманы.

Өз саласының үздігі атанған түлектер мектепке сағынышпен келіп, оқушылармен шынайы әрі мазмұнды әңгіме өрбітті. Олар балалық шақтың балғын естеліктерінен бастап, алғашқы еңбек жолы, мамандық таңдаудағы толғаныстары, өмір жолында кездескен қиындықтар мен оны еңсерудің амалдары туралы әсерлі ойларымен бөлісті. Әрбір сөздері кездесуге қатысқан жасөспірімдерге тағылымды сабақ, болашаққа бағыт-бағдар болды.

Спикерлер табысқа жетудің басты кілттері ретінде табандылық, үздіксіз ізденіс, адал еңбек, уақытты бағалау және өз мамандығын шын жүректен сүю қажеттігін атап өтті. Олар оқушыларға үлкен мақсат қоя білуге, ойға алған арманды іске асыруға батыл болуға кеңес берді.

Кездесу барысында оқушылар да көкейіндегі сауалдарын қойып, пайдалы ақпаратқа қанықты. Осындай еркін форматтағы сыр-сұхбат жас буынға өмірлік тәжірибені жақыннан көруге мүмкіндік беріп, мотивациялық рух сыйлады.

Мектеп басшылығы мұндай жиындардың оқу орны үшін маңызы зор екенін атап өтті. Себебі өмірдің әр саласында табысқа жеткен түлектердің мектебіне оралып, өз жолын көрсетіп, өскелең ұрпаққа бағыт беруі – жас буынның өз қабілетін танып, болашақ мамандығын дұрыс таңдауға ықпал етеді.

Түлектердің табысты өмір жолы – шәкірттер үшін айқын үлгі. Ал осындай тағылымды кездесулер оқушылардың бойында еңбекқорлық, мақсаткерлік және туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырады.

Тәңірберген Перизат

«№74 ЖББМ» КММ

Кәсіптік бағдар беру педагогы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *