Қазіргі қоғамдағы цифрлық өзгерістер білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойып отыр. Білім алушылардың тек теориялық білімді меңгеруі жеткіліксіз. Олар алған білімдерін өмірлік жағдаяттарда қолдана алуы, ақпаратты талдауы, өз шешімдерін дәлелдеуі және өзгермелі ортада тиімді әрекет етуі қажет. Осы міндеттерді жүзеге асыруда математика пәнінің маңызы ерекше.

Математика оқушылардың логикалық ойлауын, есептеу дағдыларын, талдау және салыстыру қабілеттерін дамытады. Сонымен қатар математикалық сауаттылық оқушының күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді математикалық тұрғыдан түсінуіне және шешім қабылдауына мүмкіндік береді.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) PISA математикалық сауаттылық тұжырымдамасында математикалық білімді өмірлік жағдаяттарда қолдану, математикалық модель құру, математикалық құралдарды пайдалану және алынған нәтижелерді түсіндіру негізгі үдерістер ретінде қарастырылады [1].
Осы талаптарды жүзеге асыруда жасанды интеллект құралдарын орынды пайдалану өзекті болып отыр. Жасанды интеллект мұғалімге оқу материалдарын дайындауға, тапсырмаларды саралауға, есептердің шешу жолдарын салыстыруға және оқушылардың жеке қажеттіліктерін ескеруге көмектеседі.
Дегенмен, жасанды интеллектті қолданудың тиімділігі оның жаңашылдығымен ғана емес, оқу мақсатына сәйкестігімен және педагогикалық тұрғыдан дұрыс ұйымдастырылуымен анықталады. Сондықтан мұғалімнің міндеті – цифрлық технологияларды оқушының ойлау әрекетін алмастыру үшін емес, оны дамыту үшін пайдалану.
1. Математикалық сауаттылықты дамытудағы жасанды интеллекттің мүмкіндіктері
Математикалық сауаттылық – математикалық білім мен дағдыларды нақты мәселелерді шешуде қолдану, есептің шартын түсіну, математикалық модель құру, есептеу нәтижесін талдау және қорытынды жасау қабілеті.
Жасанды интеллект құралдары осы дағдыларды қалыптастыруда мұғалімнің көмекшісі бола алады. Мысалы, ChatGPT және Microsoft Copilot сияқты генеративті жасанды интеллект құралдары есептердің үлгілерін әзірлеуге, күрделі ұғымдарды қарапайым тілмен түсіндіруге және тапсырмаларды әртүрлі деңгейде құрастыруға мүмкіндік береді. Ал Wolfram Alpha математикалық өрнектерді есептеу мен кейбір шешімдерді тексеруге көмектеседі.
Жасанды интеллектті математика сабақтарында пайдаланудың негізгі бағыттары:
1. Сараланған тапсырмалар әзірлеу. Бір тақырып бойынша білім деңгейлері әртүрлі оқушыларға арналған жеңіл, орташа және күрделі тапсырмалар құрастыруға болады. Бұл әр оқушының мүмкіндігіне сәйкес оқу әрекетін ұйымдастыруға көмектеседі.
2. Өмірлік жағдаяттарға негізделген есептер құрастыру. Саудадағы жеңілдіктер, отбасылық бюджет, жол жүру уақыты, тұтыну шығындары және статистикалық мәліметтерге қатысты есептер математикалық білімнің практикалық маңызын ашады.
3. Қателерді анықтау және талдау. ЖИ ұсынған шешімдегі немесе оқушы жұмысындағы қателерді талқылау арқылы математикалық пайымдау мен өзін-өзі тексеру дағдыларын дамытуға болады.
4. Қалыптастырушы бағалауды қолдау. Жасанды интеллект тапсырмаларға арналған дескрипторлар, өзін-өзі бағалау сұрақтары және кері байланыс үлгілерін дайындауға көмектеседі. Алайда оқушының нақты жұмысын тексеру мен қорытынды бағалауды мұғалім жүзеге асыруы тиіс.
Осы бағыттарды жүйелі қолдану оқушылардың математикалық сауаттылығын дамытуға және оқу үдерісін оқушы қажеттілігіне қарай ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
2. Жасанды интеллект құралдарын сабақта қолданудың әдістемелік жолдары
Математика сабағында жасанды интеллектті қолдану кезінде оқушының белсенді әрекеті басты орында болуы қажет. ЖИ дайын жауап беретін құрал ретінде ғана емес, сұрақ қоюға, болжам жасауға, шешімдерді салыстыруға және дәлелдеуге мүмкіндік беретін ресурс ретінде қарастырылғаны жөн.
2.1. Мәтінді есептер арқылы математикалық сауаттылықты дамыту
Мәтінді есептер оқушылардың математикалық білімін өмірлік жағдайларда қолдану қабілетін қалыптастырады. Жасанды интеллект көмегімен оқушылардың жас ерекшелігіне және білім деңгейіне сәйкес практикалық есептер дайындауға болады.
Тапсырманы орындау барысында мұғалім оқушылардан есептің шартын талдауды, қолданылатын амалдарды негіздеуді және нәтижені түсіндіруді сұрайды. Содан кейін жасанды интеллекттен осы есепке ұқсас, бірақ басқа сандармен берілген тапсырма құрастыруды сұрауға болады.
Оқушылар жаңа есепті өздігінен шығарып, нәтижесін тексереді. Осылайша, ЖИ тапсырма әзірлеуге көмектеседі, ал негізгі математикалық әрекетті оқушы орындайды.
.
2.2. Деңгейлік тапсырмалар арқылы жеке оқытуды ұйымдастыру
Әр оқушының математикалық білім деңгейі мен оқу қарқыны әртүрлі. Сондықтан сабақта сараланған тапсырмаларды қолдану маңызды. Жасанды интеллект бір оқу мақсатына сәйкес әртүрлі күрделілік деңгейіндегі есептерді әзірлеуге көмектеседі.
Тақырып: Пайыз
А деңгейі: 200 санының 10%-ын табыңыз.
В деңгейі: Бағасы 4000 теңге болатын затқа 15% жеңілдік жасалды. Заттың жаңа бағасын анықтаңыз.
С деңгейі: Заттың бастапқы бағасы 10 000 теңге. Баға алдымен 20%-ға төмендетіліп, кейін жаңа баға 10%-ға көтерілді. Соңғы бағаны және оның бастапқы бағадан айырмасын анықтаңыз.
С деңгейінің шешуі:
10 000 − 10 000 × 0,20 = 8000 теңге.
8000 + 8000 × 0,10 = 8800 теңге.
10 000 − 8800 = 1200 теңге.
Жауабы: соңғы баға – 8800 теңге, бастапқы бағадан 1200 теңгеге төмен.
Бұл тапсырмалар жүйесі оқушының білім деңгейіне қарай жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Мұғалім тапсырмаларды алдын ала тексеріп, оқу мақсатына сәйкес бейімдейді.
2.4. Бір есепті бірнеше тәсілмен шешу
Жасанды интеллект бір есептің балама шешу жолдарын ұсынуға көмектеседі. Мұғалім осы мүмкіндікті оқушылардың математикалық ойлау икемділігін дамыту үшін пайдалана алады.
Оқушылар есепті басқа тәсілмен шығаруға тырысады, шешімдердің тиімділігін салыстырады және өз қорытындыларын дәлелдейді. Мұндай жұмыс оқушыны дайын алгоритмді қайталаудан гөрі, есептің математикалық мәнін түсінуге бағыттайды.
3. Жасанды интеллектті қолданудың тиімділігін арттыру жолдары
Жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану мұғалімнің сабақты жоспарлауына, тапсырмаларды дұрыс құрастыруына және оқу нәтижесін талдауына байланысты.
Ең алдымен, мұғалім нақты оқу мақсатын анықтауы керек. Содан кейін ЖИ құралына берілетін нұсқауды мүмкіндігінше нақты құрастырады. Нұсқауда сынып деңгейі, тақырып, тапсырма саны, күрделілік деңгейі және күтілетін нәтиже көрсетілгені жөн.
Мысалы, мынадай сұраныс қолдануға болады:
«7-сынып оқушыларына пайыз тақырыбы бойынша математикалық сауаттылықты дамытуға арналған үш деңгейлі алты мәтінді есеп құрастыр. Есептер күнделікті өмірмен байланысты болсын. Әр есептің шешу жолын, жауабын және бағалау дескрипторларын ұсын. Есептердің математикалық дұрыстығын тексеруге мүмкіндік беретін шешімдерін көрсет».
Алынған тапсырмалар мұғалім тарапынан тексеріліп, оқушылардың жас ерекшелігіне, оқу бағдарламасына және сабақ мақсатына сәйкес өңделеді.
Сонымен қатар сабақ соңында рефлексия ұйымдастыруға болады. Оқушылар өздеріне мынадай сұрақтар қояды:
- Есепті өздігінен шығара алдым ба?
- ЖИ ұсынған шешімнің дұрыстығын қалай тексердім?
- Қандай математикалық білімді қолдандым?
- Қандай қателерді анықтадым?
- Келесі жолы нені жақсартуым керек?
Бұл сұрақтар оқушылардың оқу әрекетін саналы бағалауына және өз біліміндегі олқылықтарды анықтауына көмектеседі.
4. Жасанды интеллектті қолданудағы қауіпсіздік және академиялық адалдық
Жасанды интеллекттің мүмкіндіктерімен қатар, оның шектеулерін де ескеру қажет. ЖИ кейде математикалық есепті қате шығаруы, есеп шартын дұрыс түсінбеуі немесе дәлелсіз қорытынды ұсынуы мүмкін. Сондықтан алынған ақпаратты тексеру – мұғалім мен оқушы үшін маңызды талап.
UNESCO-ның генеративті жасанды интеллектті білім беру мен зерттеуде қолдану жөніндегі ұсынымдарында адамға бағдарланған тәсіл, деректердің құпиялылығын қорғау, қауіпсіздік және педагогикалық мақсатқа сәйкестік мәселелері қарастырылады
Осыған байланысты математика сабақтарында мынадай қағидаларды сақтау ұсынылады:
- ЖИ ұсынған есептердің шарттары мен шешімдерін тексеру;
- оқушының дайын жауапты көшіріп алуына жол бермей, шешу жолын түсіндіруін талап ету;
- оқушылардың өздігінен есеп шығаруына және жеке пікір қалыптастыруына мүмкіндік беру;
- жеке деректер мен құпия ақпаратты ашық платформаларға енгізбеу;
- ЖИ қолданылған тапсырмаларда академиялық адалдық талаптарын сақтау;
- цифрлық құралдарды оқу мақсатына сәйкес пайдалану.
Жасанды интеллект мұғалімнің кәсіби шешімін алмастырмайды. Ол мұғалімнің жұмысын қолдап, оқушының ізденісін арттыруға көмектесетін қосымша құрал болуы тиіс.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, математика сабағында жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану оқушылардың математикалық сауаттылығын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. ЖИ көмегімен деңгейлік тапсырмалар әзірлеуге, мәтінді есептерді өмірлік жағдаяттармен байланыстыруға, математикалық шешімдерді салыстыруға және оқу үдерісінде кері байланыс ұйымдастыруға болады.
Жасанды интеллектті қолданудың негізгі мақсаты оқушыға дайын жауап ұсыну емес, оның математикалық тұрғыдан ойлауына, мәселені талдауына, шешімін дәлелдеуіне және нәтижені өмірлік жағдаймен байланыстыруына көмектесу болуы керек.
Мұғалім ЖИ ұсынған ақпаратты тексеріп, оны оқу мақсатына сай бейімдеген жағдайда ғана бұл технология білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді. Жасанды интеллектті дәстүрлі оқыту әдістерімен, практикалық тапсырмалармен және зерттеушілік жұмыстармен ұштастыру оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырып, алған білімдерін күнделікті өмірде қолдану дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, жасанды интеллект – математиканы оқытудағы маңызды көмекші құрал. Оны мақсатты, қауіпсіз және педагогикалық тұрғыдан сауатты пайдалану математикалық сауаттылығы қалыптасқан, сыни ойлайтын және өз шешіміне жауапкершілікпен қарайтын тұлға тәрбиелеуге жағдай жасайды.
Сәния ҚАСЫМБЕКОВА,
М.Шоқай атындағы №26 ЖББМ-тің математика пәнінің мұғалімі.
