«МЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙМІН» АКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Жуырда Жетісай аудандық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің оқу залында қаңтар айында бастау алған «Мен қазақша сөйлеймін» аудандық акциясы қорытындыланды. Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдерін ынталандыру мақсатында өткізілген акцияға ауданымыздағы 14-35 жас аралығындағы этнос жастары қатысты. Қатысушы жастар қазақтың үш бәйтерегі С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиннің 130 жылдығына орай аталған жазушылардың жыр жауһарларынан үзінділерді мәнерлеп жатқа оқыды. Материалдары әлеуметтік желілерге «Мен қазақша сөйлеймін»  хэштегімен жүктелді.

Арнайы бекітілген әділқазы алқаларының жан-жақты сараптау нәтижесінде жүлделі орындарға лайықтылар анықталды: Бас жүлдені Дилдора Аманова, І орынды Гулсанам Тураева, ІІ орынды Малика Фатуллаева, ІІІ орынды Злиха Артик пен Захро Муратовалар иеленді. Сонымен қатар барлық қатысушыларға белсене қатысқаны үшін орталық басшысының дипломдары мен бағалы сыйлықтары табысталды.

Шәкірттерін баптаған қазақ тілі мұғалімдерінің еңбектері де ескерусіз қалған жоқ, олар орталық басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Мөлдір БАЛХАШОВА,

Жетісай аудандық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ әдіскері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған