Мен таңдаған мамандық

Журналист болу — бұл тек мамандық емес, ол үлкен жауапкершілікті, ізденісті және қоғамға қызмет етуді талап ететін өмірлік миссия. Журналистика — ақпарат таратудың, шындықты ашудың және қоғамның санасын қалыптастырудың ең маңызды құралдарының бірі. Журналист әрдайым оқиғаның ортасында жүріп, халық пен билік арасындағы байланыс көпірі ретінде әрекет етеді. Оның басты мақсаты – деректерді нақты, әділ және бейтарап түрде жеткізу.

Журналист мамандығы шығармашылық пен логикалық ойлауды қатар дамытатын ерекше сала. Бұл мамандық иесі тек жаңалықты жазумен шектелмейді, ол зерттейді, талдайды, сұрақ қояды және жауап іздейді. Журналистердің арқасында қоғам күн сайын жаңа ақпарат алып, әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар болады.

Журналист болу үшін ең алдымен тіл байлығы, сауатты жазу мен сөйлеу қабілеті, жылдам ойлау және талдау дағдылары қажет. Сонымен қатар, журналистің бойында батылдық пен адалдық қасиеттері де болуы шарт. Өйткені кей жағдайда ол қауіпті аймақтарда жұмыс істейді, әлеуметтік әділетсіздік пен проблемаларды ашық көрсетуге мәжбүр болады.

Қазіргі заманда журналистика саласы кеңейіп, жаңа бағыттар пайда болды: тележурналистика, радиожурналистика, интернет-журналистика, фото және видео журналистика. Әсіресе цифрлық технологияның дамуы бұл мамандыққа жаңа мүмкіндіктер ашты. Енді журналист тек жазбаша ақпаратпен емес, мультимедиялық контентпен де жұмыс істейді.

Журналист мамандығы – қоғам үшін маңызды, беделді әрі мәңгілік өзектілігін жоғалтпайтын сала. Нағыз журналист шындықты іздеуден ешқашан таймайды және өз еңбегі арқылы адамдардың көзқарасын, ойлау мәдениетін қалыптастырады. Сондықтан журналист болу – тек жұмыс емес, бұл – жүректің таңдауы.

Журналист болу-арманым

Көкейдегі нұрлы айым – арманым,

Жүректегі жалынды жыр-салмағым.

 Өтесем деп азаматтық борышты,

Адалдықтың жолын іздеп талмадым.

Жаңалықты жеткіземін жарыса,

Сөз қадірін білсем деймін таныса.

Қоғамдағы көлеңкені ашып мен,

Шықсам деймін әділдіктің басына.

Анық сөзден алып сарай  құратын,

Қазақ туын желбіретіп тұратын.

Отан үшін отқа түсер жан болып,

Шындықтың шырағы боп жанатын.

Уақытпен жарысатын маман болып,

Әрбір жерде, жүрсем деймін жан салып.

Төртінші билік деген атаққа

Лайықты болсам екен арланып.

Әрбір іске батылдықпен арласам,

Шындық айтып, таратуға үлес қосам.

Жетістігім – елдің маған сенімі,

Табандылықпен жолымды жалғай алсам.

Сынасам да, мақтасам да көңілден,

Сөзім шықсын тазалықтың төрінен.

Күнделікті қызығы мен қиынын,

Жеткізсем деймін  халық мұңын  үніммен.

                                         Айдархан ТӨЛЕН ,

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің 1 курс студенті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *