МЫРЗАШӨЛДІҢ АРДАГЕРЛЕРІ МҰҚАҒАЛИДІ ЖЫРЛАДЫ

Бүгінде әрбір қазақ кем дегенде бір шумақ өлеңін жатқа айтатын ақиық ақын Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың 9- ақпан туылған күні. Көзі тірі болса биыл торқалы тоқсанның үстіндегі біреуін тойлап жатушы еді-ау қадірменді халқымен бірге.
Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!
Мына адамдар неғып жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай,-деп қайталанбас арынды, дарынды ақынның өзі айтқандай, Мұқағали атамыз арамызда болғанда еліміздің бас қаласында дүрілдетіп тұрып тойлап та берер едік-ау, шіркін!
Сүйегі қара жердің қойнауында жатқанымен, рухы қазақ даласында ән салған Мұқағали ақынның өнеріне табынушы халқы бір сәтке де ұмытқан жоқ. Қазақ халқы үшін әрбір 9 ақпан күні ақынның туған күнін атап өтіп, еске алу рәсімін өткізу дәстүрге айналған.
Жуырда аталмыш күні ақиық ақынның туылғанына 91 жыл толуына орай Жылы су ауылдық округінде орналасқан Төлеген шипажайында аудандық әжелер алқасы мүшелерінің ұйымдастыруымен «Мырзашөлдің ардагерлері Мұқағалиды жырлайды» атты концерттік бағдарлама өтті. Негізінде бұл шараның аталып өтуіне ең алдымен Жетісай аудандық әжелер алқасының төрайымы Айжамал Ермаханқызы Қоңырбаева мен Жылы су ауылдық округі әжелер алқасының төрайымы Райхан Дүйсенбековалар ұйытқы болды.
Төлеген шипажайында ем қабылдап жатқан демалушылары үшін арнайы ұйымдастырылған ән кешіне аудандық ардагерлер ұйымының мүшелері мен Жылы су ауылдық округінің әкімі Ермек Дауылбаев мырза да қатысып, мұзбалақ ақын Мұқағалиді еске алып, ақ жаулықты әжелерге алғыстарын білдірді.
Соңында өшпес мұра қалдырған, қаншама жылдар өтсе де өлеңіне тамсанып, табынушылардың қатары сиремейтін шоқ жұлдызды Мұқағали Мақатаевтің тұлғалық келбетін, нағыз қазаққа тән қарапайым дара шабыт иесі болғанын көзі көрген қариялар тілге тиек етті.
Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын,- деп толғайтын ақынды шарада еске алушылар қатары көп болды. Өнерлі кешті Қазыбек би ауылдық округі әжелер алқасының төрайымы Гүлжаһан Кәрімбаева жүргізіп, кештің мәнді де мағыналы, көрерменге қызықты да тартымды болуына атсалысты.
Мұқағалиге азан шақырып берген есімі-Мұхамедқали. Дегенмен, ата-анасы Пайғамбардың атымен жүруі ауыр соғуы мүмкін деп Мұқағали деп атап, еркелеткен екен. Ақынның алғашқы жыр жинағы 33 жасында жарық көрген. Бұдан кейін де 8 жинақ кітабы шықты. Мұқағалидың қаламсабынан төгілген мыңнан астам өлең-жырлары мен поэмасы ұрпаққа мұра болып қалды. «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағалидің шығармалары ешқашан құндылығын жоғалтпай жылдан жылға, ғасырдан ғасырға өтіп, сақтала беретіні кәміл.
Осы бір кеште ардагерлер Мұқағали Мақатаевтің «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан көрініс көрсетті. Шығарма желісіне негізделген көріністе ролдерді сомдаған: Жетісай қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұғалбек Жұмабаев пен Жылы су ауылдық округі әжелер алқасының төрайымы Райхан Дүйсенбекова мен орынбасары Гүлмария Жүсіпова, Әтіркүл Сапахова.
Көрініс көрерменнің үлкен ықыласы мен қошеметіне бөленді. Әсіресе, Гүлмария апаның өзі сомдаған кейіпкерін жандүниесімен сезіне алғаны айқын байқалады. Бұдан соң мәдениет және өнер саласының ардагерлері Сапаралы Серікбаев, Тұрар Сәрсеков, Әлима Жолдыбаева және Айшырын Ескендірова қажы апа, Айжамал Қоңырбаева, Райхан Дүйсенбекова, Гүлмария Жүсіпова, Гүлжаһан Кәрибаева мен Жұмагүл Төреханова, Аманкүл Мәуленова, Алшынбай ақсақалдар ауылдың алты ауызы мен Мұқағалидің өлеңдерін шырқап, думанды кештің көркін одан әрі қыздыра түсті. Шипажайда демалып жатқан көрермендер аудандық ардагер кеңесінің жанынан құрылған әжелер алқасының өнеріне жоғары баға беріп, алғыстарын жаудырды.
Жиын соңында Алшынбай қажы бата беріп, елдің амандығын тіледі.
Төлеген шипажайының басшысы, Қазақстан курорттар қауымдастығының вице-президенті Бақытжан Сазантайұлы Төлегенов пен оның жары Роза ханым да алдыңғы буын аға-апаларына риза екенін айтып, Жылы судың шипалы суынан ем қабылдаймын деушілер үшін шипажайдың есігі қашанда ашық екенін жеткізді.
Э.ИНЯТҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған