НӘЗІК ЖАНДЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Көктем мезгілі ызғарлы суық қыстан кейін тіршілік атаулысына жан бітіріп, айналаны көк желекке бөлейді. Алғашқы мейрам бірлік пен берекенің, татулық пен тұрақтылықтың символы «Алғыс айту» күнімен басталса, одан кейін Халықаралық әйелдер, қыз-келіншектер күнімен жалғасын табады.

8 наурыз – аналар мен нәзік жанды қыздар қауымының төл мерекесі. Әйел қауымы – барлық қиындықты жеңе білетін, сарқылмайтын күш пен тірліктің қайнар бұлағы. Ана қуанышы әр үйдің, отбасының, Отанның мерейі. Отбасының күнделікті шаруасын қоя бергенде, бала тәрбиесі мен қоғамдық жұмыстарды қоса атқарып жүреді.

Мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың мызғымас мүсіні болған айтулы күні жетісайлық аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше ықыласқа бөленіп, сый-құрметке ие болды.

Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Байбөрі» мейрамханасында өткен салтанатты шараға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен сан салада үздік атанған қыз-келіншектер, көпбалалы аналар қатысты.

Жиында алғы сөзді алып, нәзік жандыларды төл мерекесімен құттықтаған Серік Үсенұлы барлық аруларға ізгі тілектерін білдіріп, айтулы мерекемен құттықтады. Бірқатар аналарға облыс әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті.

Салтанатты шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан аудан өнерпаздары жиылған көпшілікке мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Аяулы жандарға мерекелік дастархан жайылып, гүл шоқтары ұсынылды. Мерекелік көңілді әуендер шырқалды.

ЖАҢА ЖЕТІСАЙ-АҚПАРАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған