Мақалада мектепке дейінгі ұйымдағы ересек топ балаларының танымдық және шығармашылық қабілеттерін ойын арқылы дамыту мәселелері қарастырылады. Ойын әрекетінің баланың ойлау, сөйлеу, есте сақтау, қиялдау және қарым-қатынас жасау дағдыларын қалыптастырудағы маңызы ашылады. Сонымен қатар оқу-тәрбие үдерісінде қолданылатын тиімді ойын түрлері мен педагогикалық әдіс-тәсілдер ұсынылады.
Түйін сөздер: ойын технологиясы, ересек топ, танымдық қабілет, шығармашылық даму, мектепке дейінгі тәрбие, бала тәрбиесі, дидактикалық ойын.
«Ойын – баланың өмірге қадам басардағы алғашқы баспалдағы». Мектепке дейінгі кезеңде бала қоршаған ортаны ойын арқылы танып, өмірлік тәжірибе жинақтайды. Сондықтан ойын – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың негізгі құралдарының бірі.
Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – жан-жақты дамыған, шығармашыл, өз ойын еркін жеткізе алатын тұлға қалыптастыру. Осы міндетті жүзеге асыруда тәрбиешінің кәсіби шеберлігі мен тиімді әдіс-тәсілдерді қолдануы маңызды.
Ересек топ балаларының жас ерекшеліктеріне сәйкес олардың танымдық белсенділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуі қажет. Бұл жаста балалардың қоршаған ортаға қызығушылығы артып, сұрақ қою, салыстыру, талдау және өз бетінше шешім қабылдау дағдылары қалыптаса бастайды.
Ойын арқылы балалар: қоршаған орта туралы білімдерін кеңейтеді;
сөздік қорын молайтады; ойлау және есте сақтау қабілеттерін дамытады; достарымен қарым-қатынас жасауды үйренеді; өз ойын еркін жеткізуге дағдыланады; шығармашылық қабілеттерін жетілдіреді.
Ойын түрлерін тиімді пайдалану
1. Дидактикалық ойындар
«Не өзгерді?», «Артығын тап», «Сиқырлы пішіндер», «Жыл мезгілдерін ажырат» ойындары арқылы балалардың зейінін, есте сақтауын және логикалық ойлауын дамытуға болады.
2. Сюжеттік-рөлдік ойындар
«Отбасы», «Дүкен», «Дәрігер», «Балабақша» ойындары балалардың сөйлеу мәдениетін, өзара қарым-қатынасын, жауапкершілігін қалыптастырады.
3. Қимылды ойындар
«Кім жылдам?», «Күн мен жаңбыр», «Өз түсіңді тап» ойындары балалардың қимыл-қозғалыс белсенділігін арттырып, ептілік пен шапшаңдыққа тәрбиелейді.
4. Шығармашылық ойындар
Сурет салу, мүсіндеу, жапсыру және құрастыру жұмыстары арқылы балалардың қиялы мен шығармашылық ойлау қабілеті дамиды.
Тәрбиешінің тәжірибесіндегі ойын технологиясының маңызы
Тәрбиеші ретінде ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында ойын элементтерін тиімді пайдалануға мән беремін.
Мысалы, «Сиқырлы сандық» ойынын ұйымдастыру барысында балалар сандық ішіндегі заттарды сипап сезу арқылы танып, олардың атауын айтып, ерекшеліктерін сипаттайды. Бұл ойын балалардың сөздік қорын, сезім мүшелері арқылы тану қабілетін және ойлау белсенділігін дамытуға ықпал етеді.
Ал «Ғажайып пішіндер» ойыны арқылы балалар геометриялық пішіндерді ажыратып, олардан түрлі заттардың бейнесін құрастырады. Мұндай тапсырмалар балалардың шығармашылық қабілетін арттырып, өздігінен жұмыс жасауына мүмкіндік береді.
Ойын барысында әр баланың жеке ерекшелігін ескеріп, белсенді қатысуына жағдай жасау – тәрбиешінің басты міндеттерінің бірі.
Күтілетін нәтижелер
Ойын технологияларын жүйелі қолдану нәтижесінде: балалардың танымдық қызығушылығы артады; сөздік қоры мен байланыстырып сөйлеуі дамиды; логикалық ойлау және есте сақтау қабілеттері жетіледі; шығармашылық тапсырмаларды орындауға қызығушылығы қалыптасады; топпен жұмыс жасау және өзара сыйластық дағдылары дамиды.
Қорыта айтқанда, ойын – баланың жан-жақты дамуына ықпал ететін маңызды педагогикалық құрал. Ойын арқылы бала білім алады, ізденеді, ойланады, өз қабілетін көрсетеді.
Әрбір тәрбиеші баланың қызығушылығын оятып, оның жеке тұлға ретінде қалыптасуына қолайлы орта құруы қажет. Менің педагогикалық ұстанымым – әр баланың бойындағы қабілетті байқап, оны дамытуға бағыт беру.
Балаға берілген тәрбие мен білім оның болашағының берік негізі болып табылады. Сондықтан ойын арқылы оқыту мен тәрбиелеуді тиімді ұйымдастыру – сапалы мектепке дейінгі білім берудің маңызды шарты.
Сандуғаш Пердехан,
ЖШС «Орал Байтерек» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі.
