Өнерлі өрендер биіктен көрінді

Қаныш Сәтбаев атындағы №48 жалпы білім беретін мектептің шәкірттері кезекті биікті бағындырып, мектеп абыройын асқақтатты. «Атадан-Мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Ұлы Дала Ұрпағы» атты Республикалық байқауы нағыз таланттардың додасына айналды. Бұл байқау еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ең дарынды бүлдіршіндер мен мектеп оқушыларының басын қосты.

Осынау айтулы өнер додасында Құрмаш Нұрайым Ерболқызы мен Құрмаш Көзайым Ерболқызы өздерінің ерекше дауыстарымен қазылар алқасын тәнті етті. «Вокал» номинациясы бойынша өнер көрсеткен апалы-сіңлілі жас таланттар сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберліктің жоғары үлгісін көрсетті. Олардың шырқаған әндері ұлттық рух пен заманауи нақыштың үйлесімін тауып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Байқау қорытындысы бойынша Нұрайым мен Көзайым үздік деп танылып, арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл жеңіс тек оқушылардың емес, сонымен қатар мектеп ұжымының да үлкен мақтанышы. Ең басты жетістік ретінде қос дарын иесіне шет мемлекетте өтетін Халықаралық байқауға жолдама берілді. Бұл жолдама олардың әлемдік сахнада Қазақстанның атын шығаруға деген үлкен мүмкіндігі.

Мұндай биік белесті бағындыруда жетекшілері Туленова Бактыкул мен Утенов Нурболдың еңбегі орасан зор. Ұстаздардың қажырлы еңбегі мен дұрыс бағыт-бағдары шәкірттердің қанатын қатайтып, жеңіске жетеледі. Өнер жолындағы алғашқы ірі қадамдары сәтті болған жас жұлдыздарға алдағы Халықаралық додада сәттілік тілейміз. Ұлы даланың ұрпақтары көк байрағымызды биікте желбірете беретініне сеніміміз кәміл. Болашақта бұл есімдердің үлкен сахналардан жиі көрінетініне куә болатынымыз анық.

Дамира АХЫЛБАЕВА,

Қ. Сәтбаев атындағы №48 жалпы білім беретін мектеп директоры.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *