Қазіргі таңда кәсіби бағдар беру жалпы білім беру жүйесінің қосалқы бағыты емес, оқушылардың тұлғалық дамуын, еңбек нарығына бейімделуін және адами капитал сапасын арттыруды қамтамасыз ететін маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр. Әлемдік және ұлттық еңбек нарығындағы жылдам өзгерістер, жаңа мамандықтардың пайда болуы, цифрландыру мен креативті индустриялардың дамуы мектеп оқушыларының болашақ кәсіби таңдауларына қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертуде.
Кәсіби бағдарлау жұмысының жүйесіздігі мен үздіксіздіктің болмауы 9–11 сынып оқушылары арасында кездейсоқ әрі саналы емес таңдау жасау қаупін арттырады. Мұндай жағдай оқу уәждемесінің төмендеуіне, кәсіби қанағаттанбаушылыққа және жастар арасындағы жұмыссыздық тәуекелдерінің өсуіне алып келуі мүмкін. Осыған байланысты кәсіби бағдар беруді ерте жастан бастап, оқушының қызығушылығы мен қабілеттерін нақты еңбек мүмкіндіктерімен ұштастыратын жүйелі модельді енгізу өзекті мәселе болып табылады.
Қазақстан Республикасында кәсіби бағдар беру жүйесін дамыту мемлекеттік білім беру саясатының басым бағыттарымен тікелей байланысты. ҚР «Білім туралы» Заңы, жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарты, «Біртұтас тәрбие», «Адал азамат» бағдарламалары және педагог-кәсіби бағдар беруші штаттық бірлігін енгізу туралы нормативтік құжаттар мектептегі кәсіби бағдарлаудың институционалдық негізін қалыптастырады. Бұл құжаттар кәсіби бағдар беру қызметінің мақсаттарын, жауапкершілік аймақтарын және сапа талаптарын айқындауға мүмкіндік береді.
Кәсіби бағдар беру оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оның өзін-өзі тануына, кәсіби қызығушылықтарын анықтауына және болашақ өмірлік жолын саналы түрде жоспарлауына жағдай жасайды. Диагностикалық құралдарды, еңбек нарығы туралы өзекті ақпаратты (LMI) және кәсіптік сынақтарды қолдану арқылы оқушы әртүрлі мамандықтарды қауіпсіз ортада «сынап көру» мүмкіндігіне ие болады. Бұл өз кезегінде пәндік білімнің өмірлік маңызын түсінуге, жоспарлау, жауапкершілік алу, коммуникация және ынтымақтастық сияқты әмбебап дағдылардың қалыптасуына ықпал етеді.
Жүйелі кәсіби бағдар беру ата-аналармен серіктестікті де жаңа деңгейге көтереді. Ата-аналар баласының кәсіби болашағына қатысты шешім қабылдау процесіне саналы түрде қатысып, диагностика нәтижелеріне, кеңес беру мен ашық есік күндеріне сүйене отырып қолдау көрсете алады. Мұндай өзара іс-қимыл отбасындағы түсінбеушіліктер мен стереотиптерді азайтып, баланың таңдауының негізді әрі дәлелді болуына ықпал етеді.
Әдістемелік тұрғыдан кәсіби бағдар беру педагогтер үшін нақты стандарттар мен жұмыс алгоритмдерін талап етеді. Педагог-кәсіби бағдар берушінің қызметі кәсіби сынақтарды ұйымдастыруды, қауіпсіздік техникасын сақтауды, серіктестермен өзара іс-қимылды және нәтижелерді құжаттандыруды қамтиды. KPI көрсеткіштері арқылы жүргізілетін мониторинг кәсіби бағдар беру сапасын бағалауға, кемшіліктерді уақтылы анықтауға және түзету шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Ел экономикасы тұрғысынан алғанда, жүйелі кәсіби бағдар беру білім беру мен еңбек нарығы арасындағы алшақтықты қысқартудың тиімді тетігі болып табылады. «Мектеп – колледж/жоғары оқу орны – жұмыс беруші» байланысының нығаюы кадрларды даярлау сапасын арттырып, жастардың өнімді жұмыспен қамтылуына жағдай жасайды. Бұл әсіресе өңірлік еңбек нарықтарының теңгерімді дамуы мен креативті индустрияларды қолдау тұрғысынан маңызды.
Осылайша, орта білім беру ұйымдарындағы кәсіби бағдар беру жүйесі бір реттік іс-шаралар жиынтығы емес, оқушыны ерте жастан бастап саналы кәсіби таңдауға жеткізетін, басқарылатын әрі өлшенетін үздіксіз процесс болуы тиіс. Мұндай жүйе мектеп, отбасы және қоғам арасындағы жауапкершілікті үйлестіре отырып, Қазақстан Республикасының адами капиталын дамытуға бағытталған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға қызмет
етеді.
Ғалымжан ИЛЬИЧБАЙҰЛЫ,
Жетісай ауданының білім бөлімінің кәсіби бағдар беру әдіскері.
