«ПАРАСАТ» пікірталас клубының алғашқы отырысы өтті

Сәрсенбі күні «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы жанынан құрылған «Парасат» пікірталас клубы мүшелерінің алғашқы отырысы аталмыш партияның ғимаратында өтті. Пікірталасты Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков жүргізіп отырды. Басқосудың ережесіне сәйкес алдымен клубтың төрағасын, оның орынбасарын, сондай-ақ хатшысын сайлау мәселесімен қатар, «Парасат» пікірталас клубының күн тәртібін бекіту ұсынылды. Жиында көптің қолдауымен аталмыш клубтың төрағасы болып  «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділхан Асауов, төрағаның орынбасары болып аудандық ардагерлер ұйымы филиалы кеңесінің төрағасы Айтбай Маханбетов, хатшысы Майра Қожабекова сайланды.

Клуб мүшелері басқосуда күн тәртібіне сәйкес «Қаралы қаңтар» оқиғасына байланысты халық арасында тұрақтылықты, бірлікті насихаттау үшін жұмысты жандандыру керек деген тақырыпты талқылап, аграрлы ауданымыз үшін одан кейінгі ауылшаруашылық саласындағы өзекті мәселелер: ағын судың дер кезінде жетіспеушілі, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді (субсидия) алуға «Qoldau.kz» электронды платформасын пайдаланғаны үшін 11 АЕК дейін қосымша ақы төлеу, сондай-ақ ағымдағы жылы аммияк селитрасының бағасы қымбат болуы төңірегінде мәселелер талқыланып, дұрыс шешілу жолдары айтылды. Осы айтылған мәселелер бойынша аудандық «Іскер әйелдер» қоғамдық ұйымының төрайымы Н.Байтанаева сөз сөйлеп, ауданымыздың негізгі күнкөрісі-ауылшаруашылығында ақсап тұрған мәселелерді шұғыл түрде көтеріп, қаңтар айында Жетісай ауданының әкімі М.Қадырбек, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, ҚР Экология, гология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешев, ҚР Ауылшаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев, ҚР Премьер-министрі Ә.Смайлов пен ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа жазғандығын айтты. Арызды жіті қарап шыққан Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы жылдың екінші жартысынан бастап  «Qoldau.kz» электронды платформасын пайдаланғаны үшін 11 АЕК дейін қосымша ақы төлеу алынып тасталынатынын жеткізді.  Сондай-ақ, өзге де арызда көтерілген мәселелер жоғарыда тіркеліп, оң шешілу жолдары қарастырылып жатқанын да түсіндірді.

Клуб пікірталасы жиынында аудандық ардагерлер ұйымы филиалы кеңесі төрағасының орынбасары, халық мақтанышы Бақыт Жаңбырбаев, ардагер ұстаз, абыройлы ақсақал Пернебек Бақтияровтар да ұсыныс-пікірлерін айтып, клубтың келесі отырысында талқыланатын мәселе айқындалды. Клуб мүшелерінің бір ауыздан мақұлдауымен келесі клуб пікірталасында аудандағы әлеуметтік мәселелер талқыланады.

Э.ИНЯТҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған