ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Аптаның дүйсенбісі күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Қайнар Бегалыұлы Абасов Түркістан облысына жоспарлаған іс сапармен келіп, Жетісай ауданында да болып, бірнеше орындарда кездесулер өткізді. Ондағы мақсат-халықтың қалаулысы ретінде елімізден шалғайда жатқан елдің күнкөрісі -ауылшаруашылығы мәселелері мен мұң-мұқтаждыған өз көзімен көріп, құлақ асу, шешімін күткен проблемаларды жоғарыдағы билікке жеткізу.
Алдымен мәжілісмен «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы ғимаратында мәслихат депутаттары және партия мүшелерімен кездесіп, егін шаруашылығында мемлекеттің қолдаудағы кемшіліктер мен олқылықтарды талқылады. Оған Жетісай ауданының әкімі М.Қадырбек, «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ә.Асауовтар қатысты. Аудандық мәслихаттың депутаты Мұрат Қалдыбаев егін шаруашылығына аса қажетті тыңайтқыштар мен дизель отынының биылғы бағасы шектен тыс шарықтап кеткенін айтып, мемлекеттік субсидияны көбейту керек десе, белсенді депутат Марат Ділдабеков ағын су мен тік дренаждардың жайын көтерді. Аудан халқы үшін өте қажет «Жедел жәрдем», білім саласының құзіретін қайтадан ауданға беру керек деген ұсынысын да жеткізді.
Ал, Түркістан облысы мәслихатының депутаты Т.Қырықбаев шаруаларға дизель отыны уақытылы берілсе десе, Жетісай ауданы мәслихатының депутаты Ғазиза Шүкірбаева ауыл-аймақтарда тұратын әйел-аналар үшін 63 жасында зейнеткерлікке шығу өте ауыр екенін, көптеген ардагер мұғалімдер зейнет жасына жете алмай дүниеден озып жатқанын айтып, осы мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін сұрай келе, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың техникалық білімді жетілдіру бойынша жоғары оқу орындарының сапасы мен санын арттыру керек деген мәлімдемесіне қосымша техникалық білімді мектеп қабырғасынан үйрету керек деген ұсынысын айтты.
Халық қалаулыларының көтерген ұсыныс-пікірлеріне жеке-жеке жауап беріп, тиісті орындарға талап-тілектерді жеткіземін деп уәде берген Қ.Абасов келесі кезекте Жетісай қаласында орналасқан «Сырдария» университетінің шәкірттерімен кездесіп, жастарды тыңдады. «Кез-келген мемлекеттің негізгі қозғаушы күші, жарқын болашағы саналатын жастарға артылар үміт зор. Біздің мемлекетімізде жастарға білдірілген сенім бүгінде толықтай ақтала бастағандай. Себебі, шекаралас аймақта орналасса да қазақы қалпынан таймаған Жетісайдың белсенді жастары мемлекет басшысының болашаққа бек сеніммен қадам басқан әрбір бастамасын, жоспарлары мен мемлекеттік қабылдаған бағдарламаларды жүзеге асыруда белсенділік танытып келеді»,- деді жастармен кездесуде Қайнар Бегалыұлы. Жиын барысында сондай-ақ, бүгінгі ел жастарына жасалып жатқан жағдайлар-білім мен ғылым, кәсіпкерлік, спорт пен мәдениет, әлеуметтік, ІТ саласымен қатар басқа да бағыттардағы мол мүмкіндіктер жайында сөз қозғап, мемлекет артқан сенімге нақты іспен, жоғары нәтижемен жауап беру керектігін айтты.
Келесі кезекте ҚР ҰҒА академигі, «Құрмет» және «Парасат» Орденінің иегері, педагогика ғылымдарының докторы, «Сырдария» университеті директорлар кеңесінің төрағасы Оңарбай Аяшұлы ауыл жастарымен кездесіп, ағалық ақыл-кеңестерін берген Қайнар Бегалыұлына алғыс білдірді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ.Абасов бұдан соң «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Онда бірқатар ауданымыздың белсенді азаматтары: Мекенбай Атабайұлы, Ләззат Төлемісова, Нүркен Мұсаев, т.б. ел арасындағы шешілуі тиіс мәселелерді жеткізді.
Э.ӨСЕРБЕКОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған