Skip to content
Басты бет / Жаңалықтар / «САМҰРЫҚ» ОЛИМПИАДАСЫ –БІЛІМГЕ БАСТАР АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

«САМҰРЫҚ» ОЛИМПИАДАСЫ –БІЛІМГЕ БАСТАР АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

56 қаралым

Білімді ұрпақ – ел болашағы!

Білімге құштарлық пен ізденіс – жетістікке жетелейтін алғашқы баспалдақ. Осындай ізгі мақсат жолында М. Шоқай атындағы №26 жалпы білім беретін мектептің 1-сынып оқушылары «Самұрық» олимпиадасына қатысып, өз білімдерін сынауға мүмкіндік алды.

Бастауыш сынып – баланың білім әлеміне жасаған алғашқы қадамы, танымдық қабілеті мен шығармашылық әлеуеті қалыптасатын маңызды кезең. Осы тұста оқушылардың бойындағы қызығушылықты оятып, өз күшіне деген сенімін арттырудың маңызы зор. «Самұрық» олимпиадасы – жас өрендердің ойлау қабілетін дамытып, білімге деген ынтасын арттыруға бағытталған тағылымды мүмкіндік.

Олимпиадаға қатысқан 1-сыныптың 10 оқушысы тапсырмаларды орындау барысында өздерінің зеректігін, алғырлығын және ізденімпаздығын танытуға талпынды. Әрбір тапсырма олар үшін жаңа тәжірибе жинақтауға, білімдерін толықтыруға және өз мүмкіндіктерін бағалауға жол ашты.

Бала үшін алғашқы жетістіктің орны ерекше. Өйткені бүгінгі кішкентай қадам ертеңгі үлкен жеңістерге бастау болуы мүмкін. Сондықтан оқушылардың әрбір талпынысын қолдап, олардың білімге деген қызығушылығын арттыру – ұстаздың басты міндеттерінің бірі.

«Ұстаз еңбегінің жемісі – шәкіртінің жетістігі» демекші, оқушылардың бойындағы қабілетті байқап, олардың алға ұмтылуына бағыт-бағдар беру – үлкен жауапкершілік. Әр баланың өзіне тән қабілеті мен мүмкіндігі бар. Сол қабілетті ашып, білім жолында сенімді қадам басуына қолдау көрсету – ұстаздық қызметтің мәні.

«Самұрық» олимпиадасына қатысу – шәкірттеріміз үшін білім жолындағы маңызды тәжірибе, алдағы асуларға бастайтын игі қадам. Бүгінгі талапты да талантты бүлдіршіндеріміздің ертең ел мақтанышына айналып, биік белестерді бағындыратынына сенім мол.

Барлық оқушымызға білім жолында сәттілік, талпыныстарына табыс, қанаттарына қиял тілейміз! Білімге құштарлықтары артып, алар асулары мен бағындырар белестері көп болсын!

Айнұр БАЙСЫНОВА,

М. Шоқай атындағы №26 жалпы білім беретін мектептің
бастауыш сынып мұғалімі, 1-сынып жетекшісі