Тіл – адам мен қоғам арасындағы ең терең әрі ажырамас байланыс. Ол – ұлттың жаны, рухани тірегі, тарихи жады. Тіл арқылы халық өзін танып, әлеммен тілдеседі. Ана тілін құрметтеу – өткенге тағзым ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілік.
Адам дүниеге келген сәттен бастап тілді есту, сезіну арқылы қалыптасады. Алғашқы айтылған сөздер тек дыбыстар жиынтығы емес, ұлттың мәдени коды мен дүниетанымының көрінісі. Тіл адамның ойлау жүйесін қалыптастырып, сана көкжиегін кеңейтеді. Қай халықтың тілін алсақ та, сол ұлттың болмысы, өмір салты, табиғат пен қарым-қатынасы айқын аңғарылады.
Қоғам дамыған сайын тілдің де қызметі күрделене түседі. Ол тек қарым-қатынас құралы болып қана қоймай, әлеуметтік қатынастарды реттейтін күшке айналады. Заң, ғылым, білім, мәдениет – барлығы тіл арқылы дамиды. Тіл әлсіреген жерде рухани тоқырау басталады. Сондықтан тіл тағдыры – қоғам тағдыры.
Жаһандану дәуірінде тіл мәселесі бұрынғыдан да өзекті. Халықаралық тілдердің үстемдігі кейбір ұлттық тілдердің қолданыс аясын тарылтып отыр. Мұндай жағдайда анна тілін сақтау – өткенді аңсау емес, ұлттық болмысты сақтаудың бірден-бір жолы. Тілді заман талабына сай дамыту, оны ғылым мен технология тіліне айналдыру – бүгінгі күннің басты міндеті.
Тіл – тек мемлекетке немесе белгілі бір мекемеге тиесілі құндылық емес. Ол әр адамның жүрегінде өмір сүреді. Күнделікті өмірде анна тілінде сөйлеу, оны құрметтеу, ұрпаққа үйрету – тілге көрсетілген шынайы қамқорлық. Тілге деген немқұрайдылық ұлттың өзіне деген немқұрайдылықпен тең.
Қорытындылай келе, тіл – ұлттың мәңгілік тұғыры. Ол бар жерде халық бар, рух бар, болашақ бар. Ана тілін сақтау мен дамыту – әр бір саналы азаматтың қасиетті борышы.
Ақшолпан САТТАРОВА,
Түркістан облысы Жетісай ауданы Қ.Дәрімбаев атындағы №41 ЖББМ КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі .
