
«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деген халқымыздың тағылымды сөзі бар. Қыз баланың тәрбиесі, денсаулығы, білімі мен өмірге деген көзқарасы – болашақ ұрпақтың, тұтас ұлттың келешегіне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Өйткені бүгінгі қыз – ертеңгі ана, отбасының берекесі, ұлттың ұйытқысы.
Осы ұлағатты ұстанымды негізге ала отырып, Қ. Дәрімбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте «Ұлтты ана тәрбиелейді» тақырыбында мазмұнды әрі тағылымды форум ұйымдастырылды.
Форумның басты мақсаты – жасөспірім қыздардың денсаулығын сақтау, репродуктивті сауаттылығын арттыру, ерте жүктіліктің алдын алу, жеке бас гигиенасы мен салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ қыз баланың бойына жауапкершілік пен өз денсаулығына деген саналы көзқарас қалыптастыру.
Тағылымды кездесуге спикер ретінде мектеп директоры А. Ағайдарова және Жетісай көпбейінді орталық аудандық ауруханасының Әйелдер кеңесі бөлімінің меңгерушісі, дәрігер акушер-гинеколог А. Әбзейітова шақырылды.
Кездесу барысында дәрігер жасөспірім қыздармен «Ерте жүктіліктің алдын алу және репродуктивті денсаулық» тақырыбында ашық әрі мазмұнды әңгіме өрбітті.
Маман жасөспірім шақтағы ағзада болатын физиологиялық өзгерістер, жеке бас гигиенасын сақтау, өзін-өзі күту мәдениеті, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау және ерте жүктіліктің жас ағзаға тигізетін кері әсерлері туралы жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар қыз балалардың денсаулығына бейжай қарамауы, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай білуі, өз болашағына жауапкершілікпен қарауы қажеттігін ерекше атап өтті.
Форумның ең маңызды тұстарының бірі – оқушылардың маманмен еркін пікір алмасып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын ашық қоюы болды. Қыздар өздерін толғандырған сауалдарына кәсіби маманнан нақты жауап алып, өмірде қажет болатын пайдалы кеңестермен сусындады. Мұндай ашық әңгімелер жасөспірімдердің өз денсаулығын бағалауына, қауіп-қатердің алдын алуына және саналы таңдау жасауына үлкен ықпал етеді.
Мектеп директоры А. Ағайдарова да қыз бала тәрбиесінің қоғамдағы орны мен маңызына тоқталып, ұлт болашағының жарқын болуы ең алдымен тәрбиелі, білімді, дені сау ұрпаққа байланысты екенін жеткізді.
Шын мәнінде, қыз баланың тәрбиесі тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Қыз баланың бойына ізеттілік, инабаттылық, мейірімділік, ар-ұят, адамгершілік қасиеттерді сіңірумен қатар, оның денсаулығы мен өмір қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Себебі саналы ана – салауатты ұрпақтың кепілі.
«Қыз бала – ұлттың ұяты, болашақ ана, шаңырақ шырағы» деген ұлағатты сөздің астарында үлкен мән жатыр. Сондықтан қыздарымыздың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, білім мен тәрбиені қатар беріп, денсаулығын күтуге және өз өміріне жауапкершілікпен қарауға үйрету – баршамыздың міндетіміз.
Мектеп пен медицина саласының осындай бағыттағы бірлескен жұмысы – жас ұрпақтың жарқын болашағына жасалған маңызды қадам. Өйткені дер кезінде берілген дұрыс ақпарат, маманның ақыл-кеңесі мен шынайы қамқорлық талай келеңсіздіктің алдын алуға мүмкіндік береді.
Форум соңында қатысушылар осындай мазмұнды кездесулердің жасөспірім қыздар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Біздің мақсатымыз – тәрбиелі қыз, саналы ана, дені сау ұрпақ қалыптастыру!
Қыздарымыздың қадамы нық, арманы асқақ, болашағы жарқын болсын! Денсаулықтары мықты, өмірлері өнегелі, жүректері мейірімге толы болып өссін!
Өйткені ұлттың болашағы – бүгінгі қыз баланың қолында!
Г.ДАУЛЕТБАЕВА,
Қ. Дәрімбаев атындағы мектептің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
