ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҰЛЫҚТАЛУДА

Сонау ықылым заманнан бері қазақтың тарихымен біте қайнасып, заманына қарай жаңғырып, дамып, толықтырылып келе жатқан ұлттық спортымызды бірінші кезекте жауынгерлік жаттығу деп қарауға әбден болады.

Өйткені, қай заманда болсын дайындығы күшті, шеберлігі мықты сарбаздар ғана шайқаста жеңіске жететіні, байырғы көшпенді бабаларымыз бейбіт күннің өзінде сарбаздардың жауынгерлік даярлығын жетілдіріп отырғаны тарихтан белгілі. Яғни, шайқас кезінде жауынгер қолданатын әдіс-тәсілді бейбіт күндері ұлттық ойын ретінде үздіксіз дамытқан.

Бүгінде Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тікелей қолдауымен жұмыс жүргізіп отырған “Ұлттық спорт клубы” мекемесінде ұлттық спорттың көкпар, теңге ілу, жамбы ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі сынды түрлерімен 18 жасқа дейін және 18 жастан асқан азаматтардан 225 тұлға тұрақты түрде шұғылдануда. Жылдың басында жұмысын бастаған клубта 14 бапкер бар. Алдағы уақытта ұлттық спорттың барлық түрінен үйірмелер ашу жоспарлануда.

“Аудан әкімінің тікелей қолдауымен бүгінде ат спортын дамытуға арнайы ипподром іске қосылып, жастарымызды жаттықтырып келеміз. Қазірше әр спортшы өз атымен жаттығып, қабілеттерін көрсетуде. Алдағы уақытта 10 көкпар ат алуды, ұлттық спорт түрлерінен облыстық, республикалық жарыстарды өткізуді жоспарлап отырмыз”,-деді аудандық “Ұлттық спорт клубы” КММ директоры Ерлан Райымбердиев.

Ұлттық спортты дамыту – жас буынның тарихи санасын жаңғыртудың бір жолы. Баршаға белгілі, тарихи сана қалыптаспай, мемлекетшілдік сана орнықпайды. Ал, тарихи сананың тұғыры қашанда ұлттық болмыстан. Әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипатын сақтай отырып бет бұрған ауданда әлі атқарылар істер де аз емес.

ЖЕТІСАЙ-АҚПАРАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған