«Үздіктер шеруі – 2026» – Жетістікке толы жылдардың қорытындасы

«Қ. Дәрімбаев атындағы №41 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде білім мен еңбекті серік еткен, мектеп мерейін үстем етіп жүрген дарынды да талантты оқушыларды ұлықтауға арналған «ҮЗДІКТЕР ШЕРУІ – 2026» атты салтанатты марапаттау кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді.

Бұл игі шара – оқу жылы бойы табандылық танытып, білімде, өнерде, спортта және қоғамдық жұмыстарда белсенділік көрсеткен үздік оқушылардың жетістігін бағалау, еңбегін елеп-ескеру мақсатында өткізілген ерекше мереке болды.

Салтанатты кештің ең әсерлі әрі толқынысқа толы сәттерінің бірі – мектебіміздің мақтаныштары «Қызыл кілеммен» жүріп өту рәсімі болды. Ерекше құрметке ие болған үздік оқушылар қошеметпен ортаға шақырылып, олардың жетістіктері көпшілік алдында дәріптелді.

Марапаттау рәсімі бес негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда:

оқу озаттары мен үздік оқушылар;

өзін-өзі басқару ұйымының белсенді мүшелері;

пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері;

түрлі білім сайыстары мен шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары;

спорттық жарыстарда мектебіміздің намысын қорғаған үздік спортшылар.

Шара барысында мектеп директоры Агайдарова Акхал Ташполатқызы сөз сөйлеп, оқу мен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, түрлі деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда биік жетістіктерге жеткен дарынды оқушыларды арнайы марапаттады. Өз сөзінде мектеп басшысы жас жеткіншектердің табыстары – ұстаздардың қажырлы еңбегі мен ата-аналардың қолдауының нәтижесі екенін ерекше атап өтті.

«Үздіктер шеруі – 2026» – тек марапаттау кеші ғана емес, бұл – бір жылдық маңдай тер мен тынымсыз ізденістің жемісін ел алдында ұлықтау, жастарды білімге, табандылыққа, биік мақсаттарға жетелеудің жарқын үлгісі болды.

Бүгінгі үздіктер – ертеңгі елдің тірегі, мемлекетіміздің мақтанышы. Сондықтан жас ұрпақтың білімге деген құштарлығы артып, алар асулары биік, бағындырар белестері көп болғай!

Барша марапат иелерін шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта да толағай табыс, биік белестер мен жарқын жеңістер тілейміз!

Акхал АГАЙДАРОВА,

Мектеп директоры.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *