Жетісай аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған «Жауқазын-2026» өнер байқауы жас таланттардың жарқырауына тағы бір мүмкіндік сыйлады. Солардың бірі – Жетісай ауданы, Ә. Молдағұлова атындағы №34 жалпы білім беретін мектептің 3 «А» сынып оқушысы Нұрғабыл Бақдәулет. Ол би жанры бойынша жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі ІІІ орынды иеленді.

Бақдәулет сахна төрінде өз өнерін ерекше сеніммен, үлкен ықыласпен жеткізіп, көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді. Оның қимыл-қозғалысы, би өнеріне деген сүйіспеншілігі мен сахна мәдениеті көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл – жас өнерпаздың тек талантын ғана емес, сонымен бірге табандылығы мен еңбексүйгіштігін де көрсететін үлкен жетістік.
Жас дарынның осы деңгейге жетуіне үлкен үлес қосқан – оның жетекшісі, арнайы педагог Ақмолдаева Эльмира. Ол оқушымен жүйелі түрде жұмыс жасап, би өнерінің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, сахнада өзін еркін ұстауға, сенімді болуға бағыт беріп отыр. Осындай жанашыр ұстаздың еңбегі шәкірт жетістігімен ұштасып, үлкен нәтиже беруде.
Бұл жеңіс – мектеп ұжымы үшін де, ұстаз үшін де, жас өнерпаздың өзі үшін де қуанышты сәт. Алдағы уақытта Бақдәулетке бұдан да биік белестерді бағындыруға тілектеспіз. Өнерге деген қызығушылығы артып, таланты одан әрі шыңдала берсін!
Эльмира АҚМОЛДАЕВА,
«Ә. Молдағұлова атындағы №34 жалпы білім беретін мектеп» КММ-нің арнайы педагогы.
