Тәрбие – тал бесіктен

«Тәрбие – талбесіктен» деген халқымыздың тағылымды сөзі ұрпақ тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Бала тәрбиесі – бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да басты мәселесі. Себебі бүгін тәрбиеленген ұрпақ – ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын азамат.

Бала өмірге келген алғашқы күннен бастап қоршаған ортасынан үлгі алады. Оның бойындағы алғашқы түсініктер мен мінез-құлық ерекшеліктері отбасында қалыптасады. Сондықтан отбасы – тәрбиенің алтын бесігі. Ата-ананың балаға айтқан әрбір сөзі, көрсеткен әрбір әрекеті оның санасында із қалдырады.

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген халық даналығы да осыны меңзейді. Балаға үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, адалдықты сақтау, еңбек ету, жауапкершілікті сезіну сияқты қасиеттерді үйрету – тәрбиенің негізгі өзегі.

Ал мектеп – осы тәрбиені жалғастырып, баланың тұлға ретінде қалыптасуына бағыт беретін маңызды орта. Ұстаз үшін әрбір оқушы – үлкен жауапкершілік. Біз оқушыға тек білім беріп қана қоймай, оның жүрегіне ізгілік, мейірімділік, отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерін сіңіруге ұмтыламыз.

Мұғалімнің әрбір сөзі мен ісі оқушыға үлгі болатынын жақсы түсінеміз. Сондықтан ұстаздың міндеті – баланың бойындағы жақсы қасиеттерді байқап, оны қолдау, өзіне деген сенімін арттыру және дұрыс бағыт көрсету.

Бүгінгі бала – ертеңгі ел азаматы. Оның бойында ұлттық құндылықтар мен заманауи білімді қатар қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет. Ана тілін құрметтеу, салт-дәстүрді дәріптеу, туған жерді қадірлеу, ел тарихын білу – ұрпақ тәрбиесінің маңызды бағыттары.

Тәрбие үздіксіз жүретін үдеріс. Ол бір күнде қалыптаспайды. Күнделікті қарым-қатынастан, жылы сөзден, жақсы үлгіден, кішкентай ғана ізгі әрекеттен басталады. Сондықтан балаға дұрыс тәрбие беру үшін алдымен оған жақсы үлгі көрсете білуіміз қажет.

Ұстаз ретінде мен үшін оқушының жақсы баға алғаны ғана емес, оның адам болып қалыптасуы маңызды. Білімді, тәрбиелі, елін сүйетін, жауапкершілігі мол, жүрегі мейірімге толы ұрпақ тәрбиелеу – ең үлкен жетістік.

Ұрпақ тәрбиесі – баршамызға ортақ аманат. Отбасы мен мектеп бірлесе әрекет еткенде ғана балаға берілер тәрбие нәтижелі болады. Өйткенітәрбиеліұрпақ – тәрбиеліқоғамның, алтәрбиеліқоғам – жарқынболашақтыңкепілі.Бесіктен басталған ізгі тәрбие – ел болашағына қаланған берік негіз.

Жанат ИКРАМОВА,

«М.Шоқай атындағы №26 жалпы білім беретін мектеп» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.