«Адал азамат» құндылықтары арқылы оқушыларды мамандық таңдауға бағыттау

Қазіргі қоғамда жас ұрпаққа сапалы білім беру ғана емес, оларды өмірлік дұрыс бағытқа жетелеу – маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, мамандық таңдау мәселесі – оқушы болашағын айқындайтын шешуші кезең. Осы ретте «Адал азамат» тұжырымдамасындағы құндылықтарды негізге ала отырып, кәсіби бағдар беру – тәрбиенің тиімді жолы болып табылады.

«Адал азамат» ұғымы – әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді бойына сіңірген тұлғаны білдіреді. Мұндай қасиеттер кез келген мамандықтың іргетасы болып саналады. Өйткені қоғамға пайда әкелетін, өз ісіне берік, кәсібін шынайы сүйетін маман ғана ел дамуына үлес қоса алады.

Мамандық таңдау барысында оқушылар көбіне жалақысы жоғары немесе беделді саналатын кәсіптерге қызығушылық танытады. Алайда шынайы табыс пен қанағат сезімі адамның ішкі қызығушылығы мен қабілетіне сәйкес келетін мамандықты таңдағанда ғана қалыптасады. Бұл жерде мұғалімнің, ата-ананың және мектептің кәсіби бағдар беру жұмысы ерекше рөл атқарады.

Мектеп қабырғасында «Адал азамат» құндылықтарын насихаттай отырып, түрлі іс-шаралар ұйымдастыру тиімді нәтиже береді. Атап айтқанда:

мамандармен кездесулер;

дөңгелек үстелдер;

пікірталастар;

кәсіптік сынамалар;

еріктілік және қоғамдық жұмыстар.

Осындай жұмыстар барысында оқушылар адал еңбек пен кәсіби жауапкершіліктің маңызын түсінеді. Мысалы, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, адал еңбектің адам өміріндегі орнын айқындап кеткен. Ал ағартушы Ыбырай Алтынсарин жас ұрпақты білім мен еңбек арқылы биік мақсаттарға жетуге үндеген.

Кәсіби бағдар беру жұмысы тек ақпарат берумен шектелмеуі тиіс. Ол – тұлғаның ішкі құндылықтарын қалыптастыру үдерісі. Оқушы өз бойындағы қабілетін танып, қоғамға қандай пайда әкеле алатынын түсінген кезде ғана саналы таңдау жасайды. Бұл бағытта пән мұғалімдері сабақ барысында мамандықпен байланысты мысалдар келтіріп, практикалық тапсырмалар ұйымдастыруы қажет.

Сонымен қатар, ата-анамен тығыз байланыс орнату да маңызды. Отбасындағы тәрбие мен мектептегі бағыт-бағдар бір арнада тоғысқанда ғана оқушының кәсіби таңдауы нық әрі сенімді болады.

Қорытындылай келе, «Адал азамат» құндылықтары – болашақ маманды тәрбиелеудің рухани негізі. Әрбір оқушы өз ісіне адал, еліне пайдалы, қоғамға жауапты маман болып қалыптасса, мемлекетіміздің де болашағы жарқын болмақ. Сондықтан кәсіби бағдар беру жұмысы тек мамандық таныстыру емес, ол – адалдық пен еңбексүйгіштікке тәрбиелеу екендігін ұмытпауымыз қажет.

Айнагуль ЕРМЕКБАЕВА,

С. Сейфуллин атындағы 29 ЖББМ, Педагог кәсіби бағдар беру мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *