ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫН ТУЛАТҚАН КӨКПАРЫМ-АЙ!

Өткен жылдармен салыстырғанда биыл Жетісайдың қасиетті топырағында көкпар беріп, елдің баталы аузына ілініп жүрген азаматтардың қарасы өте көп екені айқын байқалады. Әрине, ат жалында ойнаған арқалы шабандоздарымыз тұрғанда көкпар ойынының қыза түскені де жөн. Қазақтың рухын айшықтап, апайтөс, атан жілік балуандардың білек күші мен берік тақымдарын одан әрі шыңдап, қатайта түсетін аламан додалардың түп төркіні көк бөрінің тұқымы болғандықтан көкпардың көбейгенін қоштап жанкүйер болмасақ қаным қазақ деп кеуде кергеніміз де құры әурешілік болар ма еді, бәлкім.

Сонымен, небір қазақтың қарабайыр қазанаттарының бабы мен бағы сынға түсетін ұлттық спорт ойыны – көкпардың ауданымызда қалай өтіп жатқандығы жөнінде білмек болып 25 жасынан бастап көкпардың аламан тұлпарларын баптаумен келе жатқан жетісайлық атбегі Қанатбек Әбдешұлы Қонарбаймен әңгіме дүкен құрғанымыз бар.

-Қанеке, өзіңіз қалада туылып-өстіңіз, әлі күнге Жетісай қаласында тұрасыз. Дегенмен, қораңыздан жылқы малы үзілмейтінін естіп, іштей сүйсініп те қалатын кездеріміз болады. Қанекең баптаған көкпар аты салым салыпты дегенді жиі естігендіктен өзіңізбен осы ұлттық құндылығымыздың бірі – көкпар ойыны жайында сұхбаттассақ деген ниетіміз болды. Жалпы, көкпар Сізді несімен баурады? Көкпар атын баптау қанда бар ма әлде жеке қызығушылық па?

-Алдымен Жетісай ауданының барша халқына Ассалаумағалейкум дегім келеді. Қанша дегенмен, жетісайлықтардың барлығы да бірі ағайын, бірі жекжат емес пе. Әрине, қанымыздың қазақ болуының өзі жануардың ең көріктісі жылқы малына тартып тұрады. Негізінде өзім спорттың күрес түрімен шұғылдандым. Әлем палуандарын алдымда тізерлетпесем де едәуір жинаған тәжірибем бар. Спортқа жақын болған соң болар бәлкім, көкпарға деген қызығушылығым тез оянды.

Атакәсіпті ұстанып, жастайымнан қасапшылықпен айналыстым. Жылқы семіртіп, ет сатып күн көріс қамымен жүргенде бірде мал базардан өзгеше бір жылқы сатып алдым. Әлгі жануардың түр-тұрпаты келіскен, қолға үйренген мал екені көрініп-ақ тұр. Не керек, сол жылқыны пышаққа іліндірмей өзім баптауға кірістім. Жаратылысы тартымды қылқұйрық бабына келді дегенде көкпарға қосып, сынап көргенімде ә дегеннен-ақ, салым салды ғой. Міне, бұл мені көкпар әлеміне одан әрі жетелеген жетістік болды. Ол қазанатты «Қара» деп атап кеттім. Атбегі ретінде алғаш атымды елге танытқан осы Қара болды. Содан кейін атбегі болып көкпар атын баптаған 18 жылымда жиырма шақты қылқұйрықты баптап, додаға қосқан жайым бар.

-Бүгінде қанша көкпар атыңыз бар?

-Бабаларымыз көгендеулі малының нақты санын айтпаған екен, дегенмен 4-5 жылқы бар ғой. Ат бағу да оңай емес. Олардың ішінде де тектісі, қан қуатыны болады. Кейбір жылқының бар жағдайын жасап, күтсең де нәтижесін көрсетпейді. Ал, кейбір қазанаттар көкпар үшін жаралғандай ауыздығымен алысып, жайраңдап шыға келеді ғой, шіркін!

-Сіз баптаған аттардың ең ірі салымын атаңызшы? Ат таңдауда өзіңіз сыншысыз ба?

-Көкпарға барған соң атың салым салса деп тілеп тұрасың. Салса өзің салғандай қуанып, көңілің марқайып қайтады. Мен баптаған аттардың ішінде «тоғыз» салғандары да болды, ірі қара, тай-құнажындарды қанжылаған кездеріміз аз емес. Баптап, додаға қосқандарымның ішінде жерге қаратқандары болған жоқ. Дегенмен, «Мировой торы» деген тұлпарым ешқашан меселімді түсіріп, көңілімді жыққан емес. Жалпы айтқанда осы Мировой торым мені көкпар әлеміне шегелеп кетті десем де болады. Бұл атты 5 жасында Келес ауданына қарасты Бірлік ауылынан 12 мың долларға алған едім. Өзінің құнын толығымен ақтап, көкпар тарихында аты қалды деп айта аламын. Ал ат сатып аларда түр тұрпатына, яғни қабағы, жағы, құлақтарына қарап өзім таңдаймын. Сыншыл көзім бүгінге дейін жаңылыстырмады деп есептеймін. Мен таңдаған аттардың 80-90 пайызы көңілімнен шығып келеді. Жақсы тұлпар таңдағанда қабағы ісіңкі, көзі кішілеу, құлағы ұзын, жағында ет болмауы керек. Тұяқтары мен тірсектеріне де үлкен мән береміз. Бір атты бағу үшін жем-шөбіне жылына 300-400 мың теңгедей жұмсаймыз ғой орта есеппен алғанда.

-Қанымыз ат үстінде тулаған қазақпыз. Бұған дәлел ретінде жылқы етін қазақтан өзге ұлттың тұтынбауын да келтіруге болар. Дегенмен, көршілес өзбек, қырғыз, тәжік сынды ағайындар да көкпар десе бір иығын беріп тұратынын көріп жүрміз. Олардың да ат баптауының өзіндік ерекшеліктері болар. Көкпар ойынында қазақ олардан несімен ерекшеленеді?

-Негізінде жылқыны алғаш рет қазақ даласында қолға үйреткен деген деректің түбірі шындыққа жанасады деп ойлаймын. Жылқы қазақ жерінде табиғи сұрыпталған. Кеңес дәуіріндегі солақай реформалардың қазақ жылқысына да кері әсері тиіп, түп-құянымен құртуға ниеттенгенімен, бабаларымыздың мықтылығымен бүгінге дейін өзінің сыр мінезділігін сақтап, қайта көбейді. Сол бір сұрапыл уақыттарда қазақ жылқысы тау асып, өзбек, тәжік, қырғыз елдеріне де бірлі жарым өткен деп айтып отырады білетіндер. Қазақы жылқының ерекшелігін Ұлы Абай бастаған қаншама қара сөздің маржанын теріп өлең құрастырған ақындарымыздан артық ешкім де айтып бере алмас. Бөкен қабақ, қамыс құлақ, қоян жақ, бота тірсек дегендей теңеулер расымен де жылқының сұлулығын айшықтай түседі. Ал, қазақ көкпарының ерекшелігіне келетін болсақ, біздің көкпаршы палуандар қай елге барса да олжасыз қайтпаған. Көршілес елдерден келген палуандар біздің жерге келгенде құры алақан бос қайтқан да болуы мүмкін. Ал, біздің қазақтың тарихында ондай оқиға болмаған. Содан болар, біздің ат құлағында ойнаған білекті жігіттер қай елге барса да үлкен қошемет көрсетіп қарсы алады. Біздің палуандар салым салса көрермендерден тек қазақтар ғана емес өзбектер де, тәжіктер де қуанып шулап той басшы палуанның атын қайта-қайта айтып, абырой-мәртебесін асырып жатады. Осы орайда айту керек, жетісайлық палуандардың ішінде аты әлемге мәшһүр, ұлттық спорттың өркендеуіне өлшеусіз үлескер Жексенбай палуанның немересі Толик (Тойшыбай) палуанның ел-жер таңдамайтын қасиеті айрықша назарға түседі. Туған жерде салым салып жүрген көптеген палуандар өзге елге барғанда мысы басса керек, қолы жүрмей, күнделікті айла-тәсілінен жаңылып жатады. Ал, Толик шабандоздың болмысы ешқашан қалпынан танбайды. Халықаралық деңгейде өзін дәлелдеп жүрген мықты жігіт деп айтамын. Міне, бұл қазақтың көкпар ойынына келгенде өзгелерден басымдылығын аңғартады.

-Мырзашөлдің қасиетті сары топырағынан-ақ дүйім жұртқа мәлім болған аты аңыз шабандоз-палуандар дүниеге келді. Олардың ерліктері мен ептіліктерін, қайсар рухын майын тамызып, әңгімесіне арқау етіп айтып жүргендер де ел арасында табылады. Өзіңіз көпшілік ұмытпай біліп жүруі үшін атақты палуандардан қай жерлестерімізді атар едіңіз?

-Қаншама үлкен додаларды қақ жарып, жүздеген палуандардың ішінде суырылып шыққан шабандоздарды өзім де талай көріп, жиындарда қолдарына су құйып, бір астаудан дәм татқан жеріміз де бар. Бұрынғыларды атасам Сәпи, Күнту Айтбаев, Сабырхан Егенов, Әбілқасым палуан, Жексенбай ақсақалдар болса, қазір сол аталғандармен кезінде үзеңгілес жүрген ағаларымыз Жасұзақ, Әлиакбар, Темірхан, шардаралық Ерғали, Оспан палуандардың ерлігі көкпаршыл ұлтымыздың тарихында мәңгі сақталады деп ойлаймын. Жастайынан алдаспандай жарқылдап шапқан Тойшыбай (Толик), Бақтияр, Дәурендерді тілге тиек етпеудің өзі күнә. Дәу Ербол, Мини Ербол, Гари, Доси деген лақаб атымен танылған ірі бауырларымыз, Жәнібек, Жамбыл, Ернар, Нұрғали, Шыңғыс, Серік, Досжан, Нұрыш, Бауыржан секілді мықтылардың арқасында көкпар ойындары қызып, көпшіліктің делебесін қоздырып, көз қуаныштарына айналып жатады. Нағыз жүректі де, білекті жігіттер деп осыларды айтуға кімнің болса да хақысы бар.

-Бұрынғы көкпар мен бүгінгі көкпарда ерекшелік бар ма?

-Бұл сұрағыңыз орынды деп ойлаймын. Заманына қарай болса керек, қазіргі көкпар мен бағзы көкпардың арасында алшақтық пайда болды. Бұрын шабандоз-балуандар жеке шабатын, додаға жеке кіретін. Содан болар олардың атақтары да шартарапқа тарап жатты. Құрметі де жоғары болды. Ал қазір алды-арты болып бірігіп кіреді додаға. Екі шабандоз қатар жүреді. Ілгеріде доданың өзі қазіргідей қалың болмайтын. Балуан аталарымыз намысқа тырысып, колош-мәсіге де шауып, қарияларға салымын беріп кете берген дейді ғой. Бірін-бірінен тартып кетіп, өте қызықты ұлттық спорт ойыны болатын. Ал, қазіргі балуандардың барлық жағдайлары жасалған. Астындағы атының өзін ауқатты атбегілер баптап береді. Көкпарда киетін киімдеріне дейін дайын. Команда болып жүрген соң серке көтеруде де аса қиналып еңбектенбейді.

Дегенмен, қазір көкпар федерациясының төрағасы Сабыр Айбеков ақсақалдармен ақылдаса келе сол кездегі көкпарды қайта қолға алуға жұмыс жасап жатыр.

-Жылдағыдан гөрі биыл ауданда көкпар беріп, елдің батасын алушылар қарасы өте көбейді. Тіпті, бір күн құры өтті деуге келмес. Мұның мәнісі неде деп ойлайсыз? Елдің қарны тойғаны ма әлде ұлттық спортқа жалпы бет бұрғаны ма?

– Әрине, ұлттық спорт болғандықтан көкпардың жылдан жылға өркендей түсуі заңдылық деп ойлаймын. Әрбір аудандарда көкпар федерациясы құрылып, оның төрағасы сайланды. Оңтүстік тұрғындарының тоқсан пайызы қазақтар болған соң көкпардың біздің жерде дамуы таң қалатын жағдай емес. Көкпар деген өзінше бір әлем. Оған бір қызығушылық танытқан адам қайта басқа жаққа бет бұра алмай қалады. Өзіміз де көкпарға бармасақ денеміз зіл тартып, көңіл-күйіміз тұнжырап, үйге сыймай жүреміз. Көкпарға барып келген соң, әсіресе атымыз салым салса ол күнгі шаттанғанымызды ауызбен жеткізу қиын шығар. Оның үстіне екі жыл қатарынан жұқпалы індеттің салдарынан көкпар ойындары көп ұйымдастырылмады. Соның да әсері болар. Былтыр көкпар беремін деп ниет еткендер биыл атап, күнделікті көкпардың көбеюіне себеп болуда деп ойлаймын.

Көкпар жанкүйерлерімен, көрермендерімен қызықты болады. Бір балуан салым салса жан-жақтан шулап, қошемет көрсетуінің өзі жаныңды рухтандырып, шабытыңды қайрай түседі. Көкпар-еркіндіктілердің нағыз ер мінезді, патриот, туған жерді қадірлейтін, үлкендерге құрмет, кішіге ізет білдіре алатын бауырмал, көпшіл болып тәрбиеленуіне мүмкіндік беретін үлкен тәрбие мектебі десек те болады. Көбісі көкпар балуандарын дөрекі, қопал, содыр деп түсінуі мүмкін. Алайда, сіз сол балуандармен араласып, әңгімелесіп көрсеңіз олардың жан дүниесінің қаншалықты таза, сыпайы екенін сезесіз. Өйткені, көкпарда тек қана атқа мініп алып шауа беру мәре емес, онда небір дуалы ауыз ақсақалдарымыз имандылық, әдептілік, тәрбиелік сарындағы уағыздарын айтып, жастардың дұрыс жолмен жүруін қадағалап та отырады.

-Жас буындарды көкпарға баулу шаруасын жүргізіп жүрген азаматтар бар ма ауданда?

-Жетісай ауданында ат спорты мектебі жоқ екенін өзіңіз де білесіз. Дегенмен, жеке қызығушылығымен жас жеткіншектерді атқа баулып, көкпарға дайындап жатқандар бар. Айталық, Жетісай аудандық көкпар федерациясының төрағасы Сабыр Айбеков деген ағамыздың ауданда көкпардың дамуына қосып жатқан үлесі шексіз. Қаншама ебі бар жастардан шабандоз-балуандарды шығарды. Олардың алды еліміз аумағында танылып жүр. Сабыр мен Сапар ағаларымыз шәкірттерін жарыстарға апарып, құран көкпарда сынап та жүр. Сондай-ақ, Бәкір ағамыз басқаратын «Бәкір көкпар» деп ел арасында аталып кеткен жас балуандар қатысатын көкпар ойыны бар. «Бәкір көкпардың» танымал болғаны соншалық, Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне барғанда сол жақтан да естідік қой. Бұл көкпарда серкенің салмағы 25-30 келіден аспайтындай жеңіл болады. Жастар осы көкпарда көп айла-тәсіл үйренеді. Тай көкпар деген болады. Онда тіпті кішкентай 7 жастан 10 жас аралығындағы балалар да көкпар тартысады. Мұны ауылдың жігіттері қызығушылықпен ұйымдастыруда. Салымға деп 100 теңгеден бастап 1000 теңгеге дейін атайды. Ал сосын балалар тайға мініп алып, жасанды серке-муляжға тартысқанын тамашаласаңыз өте әдемі әсерде боласыз. Егер реті келіп жатса өздеріңіз де сондай әуесқой көкпарларға барып, суретін түсіріп алсаңыздар қазақтың балаларының қалай өсіп келе жатқанын көріп тамсанған болар едіңіздер.

-Қазіргі таңда жер жәннаты Жетісайдың атын шығарып жүрген қазанаттарды атаңызшы. Ең қымбат көкпар атының құны қанша?

-Ондай аттар өте көп қой. Қайсібірін айтарсың. Қазіргі бапталған аттардың барлығы да жұмыс істейді. Әбден сұрыпталғандары соншалық бәрі де додаға кіре алады. «Алтын жал» деген тұлпардың аты қазіргі таңда көпке мәлім. Өзімнің күрең атым бар. Әлі атын қойғаным жоқ. Тасшеген, Тасқара деген аттар салымсыз қайтпайды. Ал, ең қымбат ат десеңіз Қораз палуан деп аталып кеткен Оралбек ағамыз былтыр өзінің баптап жүрген өте жарамды көкпар атын 25 миллион теңгеге сатты. Жақында Бекмұрат деген ақсақал 40 миллион теңгеге ат алып келді. Дегенмен, мұндай бағадағы аттар кем де кем. Негізгі бағасы аттың мықтылығына қарай 10-15 миллион теңге болады. Ал, ең төменгі бағасы 4-5 миллион теңгеден басталады.

-Жылқы қанша жасқа дейін көкпар додасына кіре алады? Қанша жасынан көкпарға қосуға болады?

Бабы келіскен таза қанды аттар жиырма жасқа жеткенде де додада шаба алады. Естуімше «Құлшығаштың Кері аты» деген болған екен. Ол 30 жасқа келгенше шапқан деседі. Оны жерде өсіп тұрған шөпке жаймаған екен. Шөпті орып беріп отырған. Сондай-ақ, Оразгелді Сейітжаппар деген ақсақал бір атын 18 жыл шаптырған деседі. Егер аты 6 жасынан бастап көкпарға барса 24 жасына дейін көкпарға қатысқан. Жалпылай алғанда, 14-15 жасына жеткенге дейін додада сыналады. Ал, неше жасынан көкпарға қосуға болады десеңіз, «Тайында тасқа байла, құнанды сақта, дөненді бапта, бестіні мақта, алтыға келгенде ат болады» дейді. Міне, атты алты жасар болғанда ғана көкпарда сынайды. Оған дейін бабымен қарау керек. Мысалы өзім жылқыларымды қалай баптайтынымды айтсам, жемге жұмыртқа қосамын, балықтың майын беріп тұрамын. Көктемде түрлі жемістер мен көкөністерді де дәрумен орнына беремін. Жалпақ тілмен айтқанда өзіміз жемесек те сол атқа бергіміз келіп тұрады ғой. Ат баптау-ат бегі үшін тек қаржымен ғана шектелмейді, ол жандүниеңді байытып, көңіліңді семіртіп тұрады. Жалын тарап, ертұрманын тартып, жабуын жауып шығарғанда қараған сайын көзің тоймай әуесің келе береді. Қазіргі таңда қаншама көздің жауын алатын ат әбзелдері бар. Өзі де сұлу атты одан әрі жабулағанда тіпті шедевр дүние шығады.

-Көкпарда әділетсіздік бола ма? Көкпар беруші атаған салымын дұрыс бермейтіні немесе рушылдыққа бөлініп, серке қазандыққа түссе де ұпай есептемей қояды дегенді естіген құлағымызда жазық болмас. Бұл қаншалықты рас?

– Енді жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды дегендей, әділетсіздік болған да кездер болды. Алайда, қазіргі таңда көкпар федерациясы құрылғалы мұндай келеңсіздіктерге жол бермеуге барынша атсалысып жатыр. Той басшылары, ақсақалдар, федерация төрағалары біргелікте ойын ережесі бұзылса, қызыл немесе сары белгілерді көрсетіп, тәртіпке бағынбағандарды ойыннан белгілі бір мерзімге дейін шеттету шараларын қолданады. Ал, бағынбаса заңмен жазалайды.

-Бұл айтқаныңыз қызық екен. Сонда ережені бұзған адамды қандай заңмен жазалайсыздар, әлде көкпар заңын шығарып, дала заңын қайта қолға алдыңыздар ма?

-О не дегеніңіз, ешқандай да дала заңы немесе көкпар заңы деген ұғым жоқ. Қазір федерация құрылғалы төрағасы Сабыр Айбеков көкпар өтетін жері мен күнін аудандық ішкі істер мекемесіне мәлімдейді. Осыған орай көпшілік жиналған орында құқық бұзушылық, тәртіпсіздік, ереже бұзушылық болмасын деген мақсатта полицейлердің бірі келіп, бақылайды. Дегенмен, ойынның ережесіне қанық жігіттеріміз әлі ондай ереже бұзушылыққа дейін барған жоқ. Оның үстіне жоғарыда айтып өткенімдей ақсақалдардың айтқанының өзі жастар үшін заң. Сондай-ақ, Түркістан облыстық көкпар федерациясының төрағасы Ғани Ахметбаев ереженің қатаң сақталуын талап етіп отырады. Ойынның әділетті өтуі төрешілерге де байланысты ғой. Жетісайда төрешілер алқасының мүшелері: Сапар Адаев, лақап аты Мистер Мұхтар ағамыз, Бауыржан Абировтер болса, төрешілер қауымы: Талғат Сырнабеков, Ғалымжан Меңтайұлы, Нұртас, Шуылдақ руынан Ғалым ағаларымыз ереженің қатаң сақталуына үлкен жұмыс жасап келеді. Кейде осы Шуылдақ Ғалым төрешіні Өзбекстандағы ала тақиялы ағайындар да арнайы шақырып, төрелік етуге ұсыныс білдіріп жатады.

-Көкпар тамадаларының ерекше дауысы мен қанатты сөздері кез-келген адамды елітіп, ұлттық рухыңды көтергендей әсер қалдырады. Көкпардың қызықты да тартысты өтуіне той басшылардың қосар үлесі мол. Ерекше дауыс иесі көкпар тамадаларын атасаңыз?

– Өте дұрыс айтасыз. Көкпар ойынында тойбасшы асабалардың рөлі зор. Облыс бойынша көкпар басқаратын шардаралық Ержан ағамыз бар. Оның дауысы мен қанатты сөздері қандай балуан болса да жігерлендіріп, шабытын шыңдап жібереді. Сондай-ақ, Жанка палуан деп аталып кеткен ағамыз да көкпар тойды өте тамаша жүргізеді. Сүйін ақсақалдың кенже ұлы Қошан деген жас пері үлкен аламан тойларды нәшінде жүргізіп, көптің батасын алып жүр. Сондай-ақ, Жомарт, Қайрат, алғи Темірхан, Жақып, Қошқар деген өте мықты жігіттер де көкпардың сәнін кіргізіп, көрермендерді ынтықтыра түседі. Жалпы айтқанда, көкпар көрермендерімен қызықты ғой. Олар айқайлап, шулап, қошеметтеп жатса балуандар содан да күш алады.

-Жастар арасында жарқырап көрініп келе жатқан, болашағынан үлкен үміт күттіретін кімдер бар?

-Ондай жастар өте көп. Бүгіннің өзінде әлемді мойындатқан чемпион Абылайхан Нышанбек бауырымыздың өзін қалай ұлықтасаң да жарасады. Міне, біздің сары топырақта шыбықты ат қылып шауып өскен бала бабын келтірген Сабыр мен Сапар ағаларының батасымен қазақ елінің мықтылығын дәлелдеп берді. Азия чемпионы болған Айтуған Шымболаттай жастармен қалай мақтанбассың. Көбейдің ұлы Серік Мырзашев қазақ чемпионы, Нұрислам Төлеп Венгрия елінде өткен Халықаралық турнирде өзін дәлелдеп шықты, Кенегес немересі Алмасбек деген жастар облыста бақ сынап жүр. Мейірбек Болысбек, Зәуірбек секілді бауырларымыз да болашағы айқын палуандар. Микош, Әбдіғаппар деген інілеріміз де көзге ілініп жүр.

– Көкпар саласында жүргеніңізге жиырма жылға жуықтапты. Бұл доданың қыр-сырына әбден қанық жандардың бірісіз. Құмарлық пен шабыттың, еңбек пен күш-қайраттың жемісі бола алатын көкпармен әлемді мойындату үшін қазақ не істеуі керек деп ойлайсыз?

-Қазақтың қазақ екенін айшықтайтын құндылықтарымыздың бірі – көкпар ойыны екені рас. Жалпы әлемді қайдам, біздің көкпарды көршілес көптеген елдер мойындап та жүр. Дегенмен, көкпардың қазақтан бастау алғанын дәлелдеу үшін ережені күшейткен дұрыс болар. Ең алдымен ереже, ереже, тағы да ережені барынша ерекшелендіріп күшейтсе деген ұсынысым бар. Мысалы, өзім күреспен айналыстым. Әрбір 4 жыл сайын өтетін күрес жарыстарының ережелері өзгеріп тұрады. Бұл жерде ережені бекерден бекер өзгертпейтінін дұрыс түсіну қажет. Осылайша күрес те дамып, қызық бола түседі. Сол секілді көкпардың да бұрыс жерін ережеден алып тастап, ұтқыр ойын ережелерімен толықтырылып отырса, нұр үстіне нұр болады деп есептеймін.

Десе де, орайы келгенде айтпаса болмайтын тағы бір жәйт, біздің мырзашөлдік жігіттер көкпардың қандай болатынын бүкіл республикаға көрсетіп, дамытуда десем ағат айтылған сөзім болмас. Жаздың күні жазиралы оңтүстікте аптап ыстық болғандықтан, бізде көкпар тек қана қара күзден басталып, ерте көктемге дейін жалғасады. Ал, Нұрсұлтан қаласында жаздың өзінде қоңыр салқын ауа райы сақталады. Міне, осы құбылысты пайдаланып біздің көкпар сүйер іскер азаматтарымыз Қалдарбек ақсақалдың ұлы Аман ағамыз, Ердәулет, Батон қажы бауырларымыз, одан да өзге жерлестеріміз жазымен Нұрсұлтан қаласының төңірегінде көкпар додасын ұйымдастырып, нағыз қазақы дәстүріміздің мәңгілік өркендей беруіне үлкен күш жұмсап келеді. Осындай азаматтарымыз барда көкпар тек қана дамымаса өшпейді. Сол үшін де оларға алғыс білдіргім келеді.

-Қанеке, көкпар әлеміндегі тың жаңалықтармен көпшілікті құлағдар еткеніңіз үшін Сізге алғысымыз шексіз. Тұлпарларыңыздың тұяғы сүрінбесін, салымдары көбейіп, елдің алдындағы абыройыңызды асқақтата берсін деген тілегіміз бар. Қазақ даласында дәйім көкпар додасының шаңы бұрқырып жатсын. Алдағы уақыттарда да көкпар әлеміне шолу жасап тұратын боламыз.

-Тілегіңіз бен ниетіңіз үшін үлкен рахмет, аламан көкпардың рухы өшпесін.

Сұхбаттасқан:

Элмира ӨСЕРБЕКОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған